Павлодар облысында сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жұмысын бастады. Енді павлодарлықтардың барлық өтініші ескеріліп, жауапсыз қалмайды. Сондай-ақ, ведомство ірі сауда және қызмет көрсету объектілерін тексереді.
Өткен жылы департаментке 900-ге жуық азаматтан өтініш түскен. Оның жартысынан көбі қаралды. Сала мамандары болған жағдайды растайтын барлық құжатты және фото-бейне материалдарды қоса беру қажеттігін еске салады.
Дәулен Қабдушев, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
Барлық келіп түскен өтініштің 445-і қанағаттандырылды. 359-ына түсініктеме беріліп, 46-сы басқа органдарға жіберілді. Өткен жылы барлығы 19 тексеру жүргізілді. Оның ішінде 18 ірі кәсіпкерлік нысанына тексеріс жасалды.
Соңғы уақытта өңір тұрғындары тауардың дүкендегі бағасы мен чекте жазылған сандардың сәйкес келмейтініне жиі шағымданады. Департамент мамандары мұндай бұзушылықтарды болдырмау үшін ірі сауда нүктелеріне үнемі тексеру жүргіземіз дейді. Сондай-ақ тұтынушылар көрсетілген қызметтердің сапасына қанағаттанбайды. Мәселен, жарамсыз немесе сапасыз тауарды қайтарып, ақшаны талап ету кезінде, қызмет дұрыс көрсетілмегенін дәлелдеу қиынырақ.
Нұрсұлу Әубәкірова, сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:
Қызмет көрсету бойынша біз тұтынушыға көмектесе алмаймыз. Себебі бұл сұрақ тексеру парағында жоқ.
Егер тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда ол Е-Otinish порталы арқылы, сондай-ақ құзырлы органның әлеуметтік желілеріне жазып немесе 321822 телефоны арқылы хабарлай алады.
Аяулым Рахымжанова, Евгения Мягченко