Халық композиторы Садық Кәрімбаевтың туғанына 105 жыл толуына орай «Ақтамақ» атты облыстық оқушылар арасында дәстүрлі ән байқауы өтті. Шараға ауыл аймақтан жиналған талантты оқушылар домбырамен күй шертіп, әсем әннен паш етті.

Ертіс-Баян өңірінде дәстүрлі әнді ұлықтап жүрген жас буын қатары қалың. Осы мәдени шарада түрлі аспаппен әндерін шырқаған таланттар сынға түсті. Садық Кәрімбаевтың әндерінің тақырыбы сан алуан. Халық арасында кең тараған әндері байқауда шырқалды.

Мейірімжан Ертай, балалар өнер мектебінің оқушысы:

Мен осы өлең өзіме ұнаған болғандықтан өзімнің дауысыма сай келгеннен кейін, орындаймын деп шештім. Бүгінгі байқауда бәріне сәттілік тілеймін. Өзіме сенемін орын алатыныма.

Дәстүрлі ән байқауына оқушылар тыңғылықты дайындықпен келген. Жас әншілер ұлттық әнді шырқап, аспапты меңгеру борышымыз деп бөлісті.

Саида Манат, №33 ЖОББМ оқушысы:

Әр нәрсеге емініз болса өміріңізге қажет болады. Және домбырамен ән салу өте керемет деп ойлаймын. Себебі, даусыңызды дамытасыз. Әр бір қазақ домбырада ойнауы тиіс.

Успен ауданынан келген өнерпаздар мұндай ән додасына алғаш рет қатысып отыр. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы дейді емес пе? Жас талант ұстазының ақ үмітін ақтап байқауда жеңімпаз атанды.

Табиғат Қайратұлы, Успен ауданы музыка мектебінің домбырапәні мұғалімі:

Арғынмын атым Әсет арындаған. Армандап ән сала ма дарымаған дейді. Бұл ән негізінен дарыған. Әкесі мықты әнші, әжесі де мықты ән айтқан екен. Сонымен жүрегі де үлкен. Әнді түсініп айтатын болғандықтан өзім осы шәкіртімді алып келіп отырмын.

Бисамал Қайрат, бас жүлде иегері:

Мен қазақтың халық әні «Беу айдайды» орындағым келді. Соны орындаймын. Бүгінгі шарада өзімнің өнерімді көрсетіп, жақсылап айтып беріп, ұстазымның көңіл күйін қалдырмасам деп тілеймін.

Додада бақ сынаған жас әншілер арнайы сыйлықтармен және марапаттарға ие болды.

Мөлдір Сағидолла