Павлодарда сынаптан уланып, қоршаған ортаны ластамай оның таралуына жол бермеу үшін тосқауыл салынып жатыр. Экологиялық қабырға қаланың солтүстік өндірістік аймағында бұрынғы химиялық зауыттың жанында бой көтермек. Бұл нысан Ертіс өзенін ластанудан құтқарады. 


«Былқылдақ» көлі маңындағы аймақ сынаптан ластанудың ең ірі қауіпті экологиялық ортасы. Бұл кеңес заманы кезінде Павлодар "Химпром" зауытының қызметкерлерінің жіберген қателіктері салдарынан болды, дейді экологтар.

Ахан Өмірбек, «Экологиялық технологиялар жөніндегі орталығы» корпоративтік қорының директоры:

Өндіріс технологиясының, сондай-ақ Қауіпсіздік техникасының бұзылуының салдарынан зауыт қызметкерлері сынаптың қоршаған ортаға яғни үш салаға: ауаға, топыраққа және суға мол таралуына жол берді.

Бірақ негізгі қауіп-бұл жер асты сулары. Ол үшін тосқауыл салынып жатыр. Жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бұл 2004 жылы салынған ұзындығы 3,5 шақырымнан асатын қолданыстағы қабырға жалғасы. Тереңдігі - 12 метр, ені-0,8 метр. Жобаның құны-751 миллион теңге. Экологиялық нысанның қоршаған ортаға тигізер үлесі мол.

Дияр Қайыркенов, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

Экологиялық қабырғаны жерге орнатқанымен қоршаған ортаны қорғау тұрғысында басқа да шаралар жүргізіледі. Біз жыл сайын мониторинг жүргіземіз. Бір жылда шамамен 300 сынама алынады.

Сынаптың өзенге түсуі туралы 20 жыл бұрын айтылған. Күні бүгінге дейін мәселе өзекті. Бұл жобаны іске асыру арқылы Ертіс өзендері мен жақын маңдағы ауылдардың құдықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Дегенмен қабырға ластану ошағын толығымен жою мәселесін шеше қоймайды. Алайда Ертіс өзені жағына жылжымайтыны анық. Экологиялық нысанның құрылысы биыл аяқталады.

Әйгерім Тоқпанқызы, Евгения Мягченко