Павлодардағы тұрғын үйлер меншік иелерінің бірлестігіне көшіп жатыр. Сарыарқа ауданындағы екі көпқабатты жаңа үй тұрғындары қазіргі басқару формасының артықшылықтарымен бөлісті.

Меншік иелері бірлестігінің пәтер иелері кооперативінен басты артықшылығы - тұрғындар өз үйлерін өздері басқарады. Яғни, «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.

Мақсат Оралбеков, энергетика және ткш басқармасының бас маманы:

Бұрын қарапайым серіктестік басқару формасы болған еді, бұл басқарудың жеңілдетілген түрі. Бүгінде заң шығарушылар 30-дан астам пәтері бар үйлер үшін меншік иелерінің бірлестігі формасын ғана қарастырады. Осыған байланысты қарапайым серіктестік басқару формасында болған үйлер меншік иелерінің бірлестігіне өтуге міндетті.

Жаңа тұрғын үй реформаларын ескере отырып, 2021 жылы Ладожская 3 және 5 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге кірген кезде басқарудығ бұл түрын таңдаған. Енді олар мердігермен материалдарды өз бетінше таңдайды. Сондай-ақ үй маңындағы аумақты абаттандыру бойынша шешімдерді бірлесе қабылдайды.

Руслан Нугметов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

Біз үйлерді қабылдау бойынша жұмыс атқардық. Барлық қызмет көрсететін компаниялармен шарттар жасалды. Біздің үй тұрғындары арасында бастамашыл топ болды. Жиналыста маңызды сұрақтарды көтерген едік, тұрғындар бізді қолдады.

Меншік иелері бірлестігі үй аумағын көркейту мақсатында ойын алаңдарын, бақтарды орнату, шағын жөндеу жүргізу және инженерлік коммуникацияларды жетілдіру жұмыстарын жоспарлап отыр. Басқарудың басқа түріне көшу 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғаспақ.

Ақмаржан Қалымбек