Екібастұздық жауынгер Қазақстанның жетекші MMA-NAIZA лигасында жеңіске жетіп, ұйымның ең жеңіл салмақтағы чемпион спортшылардың қатарына қосылды. Жекпе-жек Диас Еренғайыповтың мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды.

Екібастұздық аралас жекпе-жек майталманы Алматыда өткен NAIZA 50-турнирінде чемпион атанды. Диас Еренғайыпов тәжірбиелі спортшы. Жекпе-жектегі чемпиондық белбеуге ол 3 жылға жуық дайындалды. Тынымсыз еңбегі өз жемісін берді.

Диас Еренғайыпов, NAIZA лигасының жеңіл салмақтағы чемпионы:

Мен үшін біздің қаламызға, облысымызға осы поесті ұтып алып, мектебімізге әкеліп, оқушыларымызға көрсетіп, оларға үлгі болып, мен үшін өте маңызды болды. Мен үшін үлкен мәртебе болды. Сондықтан бұл менің мақсатым болды. Мақсатыма көп еңбек еттім, үлкен жол өттім.

Жерлесіміз жеңіл салмақтағы лига атағы үшін күреске Қытайдан келген қарсыласымен түсуі керек еді, бірақ коронавирусқа байланысты ол жекпе-жекке келе алмады. Сол себепті Диас өзбекстандық Лазизхон Узбековпен сыңға түсті. Жекпе-жек Еренғайыповтың 4-раундтағы мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды.

Диас Еренғайыпов, NAIZA лигасының жеңіл салмақтағы чемпионы:

Қарсыласым осал емес. Грек рим күресінен әлем чемпионы. Сондықтан өте тартысты бой болды. Өзімнің бапкерімнің қойған тактика бойынша жасадым. Жоспар бойынша жасадым. 4-ші раунда аяқтадым, қылқындыру әдісімен.

Диас жекпе-жектің кәсіби мансабынан бөлек, төрт жылдан бері жас жауынгерлерді жаттықтырып келеді. Осы уақыт аралығында спортшылар республикалық деңгейде өткен жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп жүр. Клуб құрамасында 20 спорт шеберіне үміткер бар.

Расул Бешанов, клуб мүшесі:

Мен осы спортқа 2,5 жыл қатысып келе жатырмын. Менің бапкерім ұнайды. Клубымда ұнайды. Осы спортты таңдағаным үшін қуаныштымын.

Арғын Сәбит, клуб мүшесі:

Мен осы спортты таңдағаныма қуаныштымын. Менің бапкерім маған көп күш, тер, ынтасын салды. Осы спорт маған ұнайды. Мен осы спортта өзіме көп достар және адал достар таптым.

Чемпионның алдағы мақсаты аралас жекпе-жектегі өзінің басты қарсыласы қытайлық жауынгермен алаңға шығу. Ол бұл турнирдің қызықты да тартысты өтетініне сенімі мол.

Мөлдір Сағидолла, Ермек Сапаров