Ұлттық барабандардың үні мен заманауи K-pop ырғағы бір сахнада тоғысты. Достық үйінде «Бір шаңырақ астында өмір сүреміз» фестивалі аясында «Үздік корей орындаушылық нөмірі» байқауы өтті. Қатысушылар ән айтып, би билеп, ұлттық аспаптарда өнер көрсетті.
Людмила Пак, «somang» ҚКБ басқарма төрағасы
Біз осы байқаудың бағдарламасын әзірледік және алғаш рет оны өз ортамызда өткізуді жөн көрдік. Қалалық деңгейде жарияламадық, басқа ұжымдардан өтінім қабылдамадық. Алдымен өзімізде сынақ ретінде өткізіп көргіміз келді. Егер бәрі сәтті өтсе, болашақта бұл байқауды жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастыратын боламыз.
Байқауға қатысушылар әртүрлі жанрда өнер көрсетті. Сахнада ұлттық әуендер де, заманауи бағыттар да көрініс тапты. Әсіресе жастар арасында кең танымал K-pop жанры көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Надежда Сорокина, Павлодар облысы корей жастар қозғалысы жетекшісінің орынбасары
Біз бүгін K-pop стиліндегі биді орындаймыз. Бұл – танымал кореялық ATEEZ тобының “Bouncy” әні. Әуені өте белсенді әрі қарқынды. Көрермендерге қызықты болады деп ойлаймын. Біздің құрамда шамамен 10 адам бар. Биыл көптеген жаңа қатысушылар қосылды. Бүгін олардың екеуі алғаш рет сахнаға шығып отыр.
Қазылар алқасы қатысушылардың сахналық мәдениетін, көркемдігін, орындаушылық шеберлігін және корей дәстүрлерінің сақталуын назарға алды. Ұйымдастырушылар бұл бастама уақыт өте келе шығармашыл жастардың басын қосатын ірі мәдени жобаға айналады деп сенеді.
Дильназ Қуанышбекқызы