Павлодарда еріктілер патрульге шықты. Белсенді жастар құтқарушылар және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындарға судағы және өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған жадынамаларды таратты. Шара «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды.
Жаз мезгілінің басталуымен еріктілер мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл жолы жастар Павлодар қаласының жағажайлары мен өзен жағалауларына барды. Демалыс орындарында тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, арнайы жадынамалар таратты. Әр акция алдында еріктілер құтқарушылардан қажетті ақпараттық материалдарды алып, қысқаша нұсқаулықтан өтеді. Бұл тұрғындарға маңызды мәліметті барынша түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.
Тамирис Бесеенова, Павлодар облысы бойынша еріктілердің өңірлік фронт-офисі басшысының м.а.
Қазіргі уақытта судағы жазатайым оқиғалар мен өрт жағдайларының саны артып келеді. Сондықтан еріктілер тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, ақпараттық жұмыстар жүргізуі қажет деп есептеймін.
Волонтёрлық патруль жұмысына бұл жолы тәртіп сақшылары да қосылды. Олар жастарға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған және «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп» тұжырымдамалары аясындағы ақпараттық жадынамаларды табыстады. Қала тұрғындары акцияны оң бағалап, оның маңыздылығын атап өтті.
Гүлзат Рамазанова, қала тұрғыны
Осындай акция ұйымдастырып жүрген еріктілерге алғысымды білдіремін. «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы зор. Тазалық пен тәртіпті сақтау әр азаматтың міндеті. Бұл еліміздің көркеюіне және қоршаған ортаның таза болуына ықпал етеді.
Аптап ыстыққа қарамастан еріктілер бірнеше сағат бойы жағалауда жұмыс істеп, демалушылармен тілдесті. Нәтижесінде барлық ақпараттық материалдар таратылды. Алдағы уақытта волонтёрлық патруль Павлодардың ірі саябақтарында да осындай акция өткізуді жоспарлап отыр.
Сабина Жолдаспаева