Ел чемпионатында «Ертіс» футбол клубы елордалық «Жеңіс» командасына қарсы ойнады. Ойын барысы алдағы материалда.
Кездесу алдында астаналық команда турнирлік кестеде 9-орында тұрған еді. Ал павлодарлықтар турнирлік кестенің төменгі жағында орналасқан. Бірінші таймда қос команда да қауіпті сәттерді көп жасай алмады.
Екінші таймда «Жеңіс» ойыншысы Лука Имнадзенің соққысынан кейін өз командасын Премьер-лигада алғаш рет алаңға шыққан «Ертістің» қақпашысы Мирас Рихард құтқарып қалды.
Мирас Рихард, «Ертіс» ФК қақпашысы
Өз ойыныма жеке баға бергім келмейді, өйткені ең маңыздысы – командалық жұмыс. Жақсы матч өткіздік, кездесудің басым бөлігінде сан басымдығына ие болып, гол соғуға тырыстық. Екінші таймнан бастап қарсыласқа қысым көрсеттік. Әлі де көп жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын, жеңістер алда. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге және сырт алаңдағы матчқа келген барлық жанға алғысымды білдіремін. Рақмет сіздерге!
Нұрбол Жұмасқалиев, «Ертіс» ФК бас бапкері
Жалпы ойын туралы айтатын болсақ, қорғаныста жаман ойнаған жоқпыз. Қарсыластың бір қауіпті сәтінде қақпашымыз командаға көмектесті. Тағы бір эпизодта қарсылас қақпа бағанасына дәл соқты. Ең қуантатыны – соңғы бес матчтан кейін алғаш рет қақпамызға гол жібермей, ойындарды былайша айтқанда “құрғақ” өткіздік. Бұл жақсы көрсеткіш. Жігіттер барын салды, сол үшін оларға алғыс айтамын. Алайда қарсылас ойыншысы алаңнан қуылғаннан кейін өз ойынымызды жоғалтып алдық, асығыстық таныттық және сан басымдығын пайдалана алмадық. Осы бағытта жұмыс істеп, шабуылда көбірек мүмкіндік жасауымыз қажет. Себебі жеңіске жету үшін гол соғатын сәттерді көбейту керек.
Жанасыл Серікбол