Күн райы жылынған сәтте балалардың терезеден құлау фактілері жиілейді. Өткен жылы 10-ға жуық қайғылы жағдай тіркелген. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында №24 балабақшада «Қауіпсіз терезе» республикалық-ақпараттық акциясы бастау алды.
«Қауіпсіз терезе» акциясына бүлдіршіндердің ата-аналары шақырылды. Оларға балаларды назардан тыс қалдыру салдары тағылымды қойылымдар арқылы көрсетілді. Шара қонақтарына қауіпсіздік жөніндегі жадынамалар таратылды.
Айтжамал Шорманқызы, №24 балабақшаның маманы:
Бұл акцияның негізгі мақсаты қазіргі таңда ең басты мәселенің бірі – балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты бағытталған. Бұндай жағдайды болдырмау үшін ата-аналарға терезеге бекіткіштер, қорғау торларын орнатуға шақыру.
Науқан барысында жеке кәсіпкер терезеге бекіткіштер мен қорғау торларын орнату үшін ата-аналарға сертификаттар табыстады.
Оксана Айтмағамбетова, ата-ана:
Біз 7-ші қабатта тұрамыз. Біздің терезелерде қорғау торлары орнатылмаған. Осы акциядан кейін енді қоямыз деп шештік. Бізге тіпті сертификаттар ұсынып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі үшін міндетті түрде орнатамыз.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, өткен жылы 11 бала терезеден құлап кеткен. Өкінішке қарай, салдарынан екі бала көз жұмды.
Ақмаржан Қалымбек