Екібастұзда еліміздегі тұңғыш балалар дубляж студиясы ашылды. Орталықта оқушылар шетелдік танымал мультфильмдерді қазақ тіліне аударып, дубляждайды. Жуырда диснейдің «Бэймакс» анимациялық сериясының кейіпкерлерін оқушылар өз дауысымен дыбыстаған. Келесі жұмыстарын жергілікті кинотеатрда көпшілікке көрсетуді жоспарлап отыр.

Бұл оқушылардың алғашқы жұмысы «Бэймакс» туындысы. Жоба авторлары мультхикаяны толық ана тіліне аударып, дыбыстаған соң ғаломторға жүктеген. Көрерменнің оң пікірін алған оқушылар кезекті мультфильмнің дубляждау жұмысына кірісті. Балалардың сүйіп тамашалайтын фильмдерін ана тілімізде дыбыстау идеясын «Қайнар» орталығының педагогы Еркін Құсан жүзеге асырды.

Еркін Құсан, педагог:

2022 жылдың мамыр айында осы «ұлттық колорит» үйірмесі құрылған болатын. Медиа бағытында жұмыс жасап бастадық. Дегенменде жас ұрпақты тәрбиелеу үшін мемлекеттік тілдің маңыздылығын түсіне отырып. Дубляж студиясын жасауды қолға алдық. Студия жасау барысында «Бэймакс» мультфильімін аударған болатынбыз. Қазір 57 мың қаралым жинады.

 «Өзгеше бол» балалар дубляж студиясының идеясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында ұсынылды. Нәтижесінде жоба үздіктер қатарына ілініп, 3 миллион теңгелік грантқа ие болды. Бұл қаражат арқылы студия заманауи техникамен жабдықталды.

Қажымұрат Әбілтаев, «Өзгеше бол» балалар дубляж студиясының оқушысы:

Мен екі жылдан бері дыбыс жазумен айналысып келемін. Біздің мұғалім грант жеңіп алып, дубляж кабинетін ашты. Менің тәжірибем болғандықтан, техникалық мәселелер бойынша көмектесемін. Студияға келетін балалар өте белсенді, бізде актерлік шеберлік те жақсы дамыған. Бұл қуантарлық жәйт. Дыбыс жазған кезде де өте маңызды.

Дубляждың қыр-сырын меңгеріп жүрген оқушылардың алға қойған жоспарлары көп. Олар ең үздік шетелдік мультфильмдерді қазақ тіліне аударуды көздейді. Қазір оқушылар «Сәттілік» мультфильмін дубляждап жатыр.

Гүлбану Ботакөзова, «Өзгеше бол» балалар дубляж студиясының оқушысы:

Ұлттық колорит үйірмесіне шетелдің танымал мультфильмдерін аударып, оларды дыбыстау үшін, және оларды балаларға қазақ тілінде насихаттау үшін келдім. Оны дыбыстау үшін адамның эмоциясына кіру керек. Оның жағдайын білу керек. Сюжетін дұрыс, ұғып, түсіну керек. Мен дубляж саласының біраз көлемін меңгердім деп ойлаймын. Және әлі де үйреніп жатырмын.

Бір жарым сағаттық толық метражды мультхикаяның дыбыстық жұмысы бірнеше айға созылады. Ана тіліміздегі бейнеконтентті дамытуды мақсат еткен оқушылар жұмыстарын жергілікті кинотеатрда ұсынбақ.

Мөлдір Сағидолла