Халықтың табысы төмендеп, қымбатшылық қысып барады. Мәселен биыл инфляция рекордтық көрсеткіш 21,3 процентке жетті. Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Президент барлық әкімшілік құрылым өкілдерімен өткен кеңесте осылай деді. Бұл тұрғыда Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отырғандығын да айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады.

Президент қымбатшылық жөніндегі ойын осылай сабақтады. Иә, шектеу ештеңе шешпейді. Сондықтан, нарық заңына сәйкес ойын ережесін құру керек. Қазіргі уақытта әр өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтындару қоры жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта 300 тонна пиязды форвордды сатып алу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Бүгінде тұрақтандыру қоры арқылы 270 дүкен арзандатылған азық-түлік өнімдерін сатады. Серіктес дүкендер үстеме ақыны 10 пайыздан асырмайды. Былтыр ашылған «Жайлау» фермерлік базарыда да нарықтан 10-15 пайыз төмен бағада азық-түлік өнімдері сатылуда.

Алайда, бұл шаралардың өзі аздық ететіндей. Тұрғындар жағдай қиын дейді. Ай санап артып жатқан бағаны айтады.

Бірқатар сарапшылар бұл жағдайдың алдын-алу үшін кәсіпкерлікті дамытып, бәсекелестікті арттырған жөн деп санайды. Сонда ғана бағаны жүгендеп, жөнсіз қымбатшылықтың алдын-алуға болады дейді.

Жанасыл Серікбол