Шарбақты ауданында Қазақ даласына имандылықтың шапағат нұрын шашқан жоғары дәрежелі дін иесі, ұстаз, көріпкел қазірет Қабдұл Уахит Тіленшіұлының 170 жылдығына арналған той өтті. Алдымен Торайғыров университетінде «Қазақ елінің ұлы перзенттері» атты ғылыми конференция ұйымдастырылып, Шарбақтыда республикалық ақындар айтысы өтті. Ұлы даланы дүбірлі жиынға қатысып қайтқан әріптесім Гүлсара Мәлікованың репортажы.

Екі дүниесі абат болған әулие, көріпкел, ғасырларда бір туар тұлға қазірет Қабдұл Уахит Тіленшіұлының 170 жылдығына арналған той Шарбақтыда жыр додасынан басталды. Айтыстың өтпегеніне 10 жыл болған ауданның халқы ұлттық өнерді ыстық ықыласпен қарсы алды.

Өнер бәйгесі тартысты өтті. Айтысқа қатысқан 10 ақынның ішінен қарағандылық Мақсат Ақанов үздік шығып бас жүлде - 1 млн теңгені қанжығасына байласа, бірінші орын түркістандық Еркебұлан Қайназаровқа бұйырды. Ал жерлестеріміз Рауан Хайдаров екінші, Бейбіт Бөжен үшінші орындарды иеленді. Тойдың екінші күні - облыс әкімі Асайын Байханов бастаған, тойға жиналған халықтың, қазірет кесенесіне зиярат етуінен басталды. Қасиет иесінің аруағына облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы құран бағыштап, құрбандық шалынды. (6722-01)

Қазірет кесенесінен 5 шақырым жерде орналасқан Арбиген ауылының жанындағы бұл алаңқайда 25 киіз үй тігілген. Жалпы тойға мың жарымдай халық жиналды.

Тойға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылды. Өнер иелері ән мен жырдан шашу шашты.

Шарада облыс әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйлеп, Ғабдул Уахит Тіленшіұлының қазақ тарихындағы ерекше орнын атап өтті.

Ұлы жиынға келген ақын-жазушылар мен ғалымдар, өлкетанушылар Ғабдул Уахит Тіленшіұлының тылсым қасиеттері мен киесі, өмірінің жұмбақ та қызықты оқиғалары жайлы сыр шертті. Ал «Ертіс» телеарнасы аталған игі шараны екі сағаттай тікелей эфир арқылы ұсынды.

Мерейтойдың көрігін облыстың белгілі шеберлерінен құралған көрме қыздырды. Алаңда алтыбақан тебіліп, бие сауылып, қонақтар ұлттық дәстүрмен танысты. Қолөнер бұйымдары сатылымға шығарылып, жұрт назарына ертоқым, қамшы, қолдан жасалған қуыршақ, ру таңбалары бейнеленген теңгелер ұсынылды. Аударыспақ, арқан тарту, жілік сындыру сияқты қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылды. Қазақша күресте 60-тан астам балуан күш сынасты. Келелі жиын аламан бәйгемен жалғасып, ас берілді.

Гүлсара Мәлікова