Павлодарда өрттен құтылмақ болып терезеден секірген бойжеткен ауруханада көз жұмды. Оған шұғыл медициналық көмек көрсетілгенімен, өмірін арашалап қалу мүмкін болмады.
12 маусым күні таңғы сағат төрт шамасында Баян батыр көшесіндегі бес қабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Тілсіз жау шамамен 20 шаршы метр аумақты шарпып, пәтердегі жиһаздар мен үй заттарын жалынға ораған. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрт жарты сағатқа жетпей сөндіріліп, екі адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Алайда, өрт сөндірушілер жеткенге дейін 23 жастағы бойжеткен құтылуға әрекет жасап, екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Зардап шегуші шұғыл түрде Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің жүргізген медициналық шараларына қарамастан, бойжеткен таңғы сағат алты шамасында ауруханада көз жұмды. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.