Орал қаласында жастар арасында техникалық шығармашылық және өнертапқыштық бойынша республикалық жарыс өтті. Павлодар облыстық балалар техникалық мектебінің командасы үздіктер қатарынан көрініп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. 


Жарыс жеңімпаздарының бірі – Матвей Рощенко. Оқушы бірден екі бағыт бойынша бақ сынады. Авиамодельдеу және микродрондар жарысы. Ол бұл додаға бірнеше ай бойы дайындалып, күн сайын техника басқару шеберлігін жетілдірген.

Матвей Рощенко, балалар техникалық мектебінің оқушысы

Менің хоббиім осыдан 2-3 жыл бұрын басталды. Бір күні әкемнің гаражынан бұрын ұшырған модельдерін тауып алдық. Сол кезде бұл іске қызығушылығым оянды. Әкемнен олардың қандай модель екенін сұрап, бірге ұшырып көрдік. Кейін қажетті бөлшектер мен батареяларға тапсырыс беріп, модельдерді жөндедік. Осылайша мен бұл бағытта әрі қарай дамуды шешіп, балалар техникалық мектебіне келдім. 

Жарыста Матвей екі бірдей бағыт бойынша екінші орын алды. Ол қолданған ұшақ пен микродронды ұстазымен бірге өз қолымен құрастырып, баптаған.

Республикалық жарыста Павлодар облысының намысын Балалар техникалық мектебінің 11 тәрбиеленушісі қорғады. Олар авиамодельдеу мен кеме модельдеу спортынан бастап, дрондар жарысы және радиобасқарылатын автокөліктер сайысына дейін түрлі бағыттар бойынша бақ сынады.

Сергей Соц, балалар техникалық мектебінің авиамодельдеу үйірмесінің жетекшісі

Біздің үйірмеде балалар тек модель жасап қана қоймайды. Негізгі бағытымыз – спорттық-техникалық сала. Сондықтан барлық тәрбиеленуші бұл іспен байыпты айналысады. Біз кез келген командамен бәсекеге түсе аламыз. 2024 жылы біздің команда Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. 

Орал қаласынан оралғаннан кейін оқушылар келесі ірі додаға дайындықты бастады. Алда оларды авиамодельдеу спорты бойынша Қазақстан чемпионаты күтіп тұр.


Сабина Жолдаспаева