Екібастұз қала күнін атап өтті. Мерекелік шара республикалық бәйгемен шымылдығын түрді. Қала күнімен тұспа-тұс келген жарысты тамашалауға жұртшылық көптеп жиналды. Толығырақ әріптесім – Жұлдыз Қабылденова баяндайды.
Қазақстан чемпионаты 7 іріктеу кезеңі мен финалдан тұрады. Айтулы доданың үшінші кезеңін Екібастұз қаласы қабылдады.
Жомарт Сайболатов, «бәйге» федерациясы» РҚБ вице-президенті
Жалпы ашық бәйге болдады құнан және Қазақстанда туған құнандар арасында бөлек бәйге болады, яғни құнан бәйге екі бәйге болады. Содан кейін топ бәйге болады және аламан бәйге болады. Төрт түрлі бәйге болады. Бұл бесінші жыл өткізіліп жатыр биыл, Екібастұз қаласында бірінші рет өтіп жатыр. Мұмкіндікті пайдалана отырып Екібастұз қаласының әкімдігіне, Екібастұз қаласының азаматтарына, Екібастұздың атбегілеріне Бәйге Федерациясы атынан үлкен алғыс айтқым келеді. Бізге қолдау көрсетіп, қамқорлық көрсетіп, жақсы көмектесіп, барлық жағдайыды істеп жатыр.
Дүбірлі жарысты алғаш болып құнандар бастады. 7 шақырымдық қашықтыққа созылған додаға 16 құнан қатысты. Тартысты бәйгеде қарағандылық жүйрік топ жарды.
Қазақстанда туған құнандар арасындағы бас жүлдені қарағандылық «Анадия» еншіледі. Ал топ бәйгеде Шығыс Қазақстан облысынан келген «Алтын алқа» атты сәйгүлік топ жарса, аламан бәйгеде «Ботагөз» атты тұлпар бас жүлдені жеңіп алды. Жарысты тамашалауға жиналған қауымның қарасы қалың болды. Ұйымдастыру жұмыстарына да, тартысты өткен бәйгеге де халық дән риза.
Абзолла Акишев, жарыс көрермені
Ипподромда, мәне, ат жарысы болып жатыр. Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Өте ұнап жатыр. Халық та меркеге жиналып, барлығы көңілді жүр. Ауа райы да тамаша, бәйгеге жақсы болып тұр. Барлығын тек шын жүректен құттықтаймыз!
Айта кету керек, барлық жеңімпаз бен жүлдегер қаржылай сыйлыққа ие болды. Ең қомақты сыйақы – 5 миллион теңге аламан бәйгенің жеңімпазына бұйырды. Дүбірлі доданың үздіктері енді ел чемпионатының финалында бақ сынайды.
Жұлдыз Қабылденова