Екібастұз шаһарының туған күніне орай өткен мерекелік думан бірқатар мәдени шаралармен жалғасты. Шаралар легі «Өнер» қалалық мәдениет сарайының алаңында түйінделді. Мұнда ауқымды концерт ұйымдастырылып, отандық және шетелдік өнер жұлдыздары сахна төрінде өнер көрсетті.
Қазақстанның ірі индустриялық және энергетикалық орталығы – Екібастұз биыл 69 жылдығын атап өтті. Қала күніне орай ауқымды концерт ұйымдастырылды. Мерекелік думанның орталығы болған «Өнер» мәдениет сарайының алдындағы алаңда ине шанышар орын болмады. Онда екібастұздықтар ғана емес, алыс-жақын елді мекендерден, көршілес қалалардан арнайы келген мыңдаған мейман жиналды.
Кештің шымылдығын жергілікті өнерпаздар ашты, кейін сахнаға Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева шығып, әндерімен жиналған қауымды тербетсе, жастардың сүйікті орындаушылары YENLIK, BAYANSULU, V$XV PRІNCE және қырғызстандық танымал рэпер Ulukmanapo өздерінің хит туындыларын орындап, алаңды ерекше энергияға толтырды. Ал кештің басты жұлдызы әлемге әйгілі диджей, әнші әрі композитор – Willy William болды. Мыңдаған көрермен хиттерді әншілермен бірге шырқап, жарқын сәттерді таспаға жарыса түсіріп жатты.
Кештің соңы дәстүрлі мерекелік отшашуға ұласты. Тұрғындар мен қала қонақтары үшін бұл күн ұмытылмас естеліктерге толы болды.
Жұлдыз Қабылденова