Жазғы демалыс басталысымен көптеген жасөспірім алғашқы табысын тауып, еңбекке араласуға ұмтылады. Алайда кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың өзіндік талаптары бар. Жасөспірімдер неше жастан бастап жұмыс істей алады және заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге қандай жауапкершілік қарастырылған? Тілшіміз Сабина Жолдаспаева баяндайды.
Кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде заңда нақты талаптар қарастырылған. Мәселен, 14 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер тек сабақтан бос уақытында, оқу үдерісіне кедергі келтірмейтін жағдайда және ата-анасының бірінің жазбаша келісімімен жұмыс істей алады. Ал 15 жастан бастап білім беру ұйымын тәмамдаған жағдайда, ата-анасының келісімімен еңбек қызметіне араласуға рұқсат беріледі. 16 жастан асқан азаматтар жалпы тәртіп бойынша жұмысқа орналасады. Алайда кез келген жағдайда еңбек қатынастары заң талаптарына сай рәсімделуі тиіс.
Асқар Қапанов, Павлодар облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы
14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Ал 16 мен 18 жас аралығындағылар үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағатпен шектеледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды зиянды және қауіпті жұмыстарға, алкоголь өнімдерін сатумен немесе есірткі заттарымен байланысты қызметтерге тартуға заңмен тыйым салынған. Өкінішке қарай, мұндай фактілер бойынша шағымдар да түсіп жатады. Мәселен, жақында түнгі мекемеде алкоголь өнімдері сатылатын орында жұмыс істеген жасөспірімге қатысты оның анасынан шағым келіп түсті. Қазір бұл іс бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Егер заңбұзушылық анықталса, жұмыс беруші жауапкершілікке тартылады.
Еңбек инспекторларының айтуынша, жасөспірімдердің өзі жұмыс істеуге ынталы. Көп жағдайда олар еңбекке тартылғанына емес, еңбекақысының толық төленбеуіне немесе еңбек қатынастарының ресми рәсімделмеуіне байланысты шағымданады.
Асқар Қапанов, Павлодар облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы
Біз кәмелетке толмағандардың жұмыс істеуіне қарсы емеспіз. Керісінше, еңбек ету жасөспірімдердің жауапкершілігін арттырып, еңбекке баулиды. Алайда мұның бәрі заң аясында жүзеге асуы тиіс. Жұмыс берушілер кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде заң талаптарын қатаң сақтауы қажет. Өйткені заңсыз еңбекке тартқаны үшін оларға елеулі жауапкершілік жүктеледі.
Мамандардың мәліметінше, өңірде кәмелетке толмағандардың заңсыз еңбекке тартылуына қатысты жыл сайын бірнеше өтініш тіркеледі. Биыл облыс бойынша осындай бір ғана жағдай анықталған. Заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге айыппұл салынып, кей жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдердің еңбек құқықтарын сақтау – барлық тарап үшін маңызды міндет.
Сабина Жолдаспаева