Отбасының берекесі – әкенің өнегесімен, баланың ізгі тәрбиесімен өлшенеді. Әке мен бала арасындағы сыйластық пен сенімді нығайтуды мақсат еткен ерекше шара №48 келешек мектебінде өтті. Әкелер күніне орай ұйымдастырылған «Әке мен бала FEST» байқауында қатысушылар өзара бақ сынап, өнері мен ептілігін ортаға салды. Көңілді әрі тартысты додада кімдер топ жарды? Толығырақ алдағы сюжетте.
Жазғы демалыс – балалардың уақытын тиімді өткізіп, жаңа қабілеттерін дамытуға берілген тамаша мүмкіндік. Осы мақсатта ұйымдастырылған ауқымды шаралардың бірі – «Әке мен бала FEST» байқауы. Сайыс барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау және ұлттық ойындар арқылы бала бойына еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге бағытталған түрлі тапсырмалар ұсынылды.
Айымгүл Тұныбаева, №48 жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты әке мен баланың достықты ынтымақтастықты нығайту. Бұл іс-шарамыз 4 кезеңнен тұрды. Бірінші үй тапсырмасы, екінші спорттық іс-шара, үшінеші логикалық тапсырмаларды орындау, төртінші ол шығармашылық жұмыс. Бүгінгі таңда жазғы лагерьде 160-тан астам оқушы қатысуда.
Сайысқа алты жасақтан жеті әке қатысып, балаларымен бірге ұйымшылдық пен ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Әр команда өз жанкүйерлерінің қолдауын сезініп, барлық кезеңнен сүрінбей өтуге бар күшін салды. Жарыс алаңында қуанышқа толы сәттер көп болып, қатысушылар ерекше әсерге бөленді.
Әділбек Раисов, Ата-Ана
Бүгін негізі бірінші рет қатысып жатырмыз осындай әке мен бала фест байқауына. Алдағы уақытта тағы ұйымдастырса қатысатын боламыз. Бірінші рет осындай конкурсқа қатысқаннан кейін жіп өру дегенді, мақал-мәтелдерді кішкене ұмытып қалдық. Ал спорт жағынан бәрі қызық болды.
Тартысқа толы байқау соңында үздіктер анықталды. «Әке мен бала FEST» қорытындысы бойынша бірінші орынды Амина Амирова мен әкесі Рашид Амиров жеңіп алды. Екінші орын Нұрәли Сәрсенбай мен әкесі Нұрқуат Садығазинге бұйырса, үшінші орын Адия Бақытжан мен әкесі Әлібек Шарбақбаевтың еншісіне тиді. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әке – отбасының тірегі, бала – болашақтың іргетасы. Осындай тағылымды шаралар ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлін айқындап, отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлкен үлес қосары сөзсіз.
Дильназ Қуанышбекқызы