16 күндік үзілістен кейін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ойындары қайта жалғасты. Павлодардың «Ертіс» командасы сырт алаңда елордалық «Астанаға» қарсы кездесу өткізді.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері ойын тізгінін өз қолдарына алып, қонақтар қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Әсіресе, «Астананың» хорват легионерлері белсенді ойын көрсетті.
Осы сәтте Бранимир Калайцтың соққысынан кейін павлодарлық команданы қақпа бағанасы құтқарып қалды.
Алайда 36-минутта дәл сол бағана «Ертіске» қарсы жұмыс істеді. Карло Бартолецтің соққысынан кейін доп қақпашы Виталий Ботнарьдің арқасына тиіп, қақпаға енді.
Ал 44-минутта Марин Томасов елордалық клубтың басымдығын еселей түсті.
Екінші таймда «Астананың» хорват қақпашысы Йосип Чондрич шеберлігімен көзге түсті.
Алдымен ол «Ертіс» шабуылшысы Вячеслав Швырёвтің соққысын қайтарды.
Кейін павлодарлықтар сапында дебют жасаған Муроджон Халматовтың мүмкіндігін де сәтті сейвпен тоқтатты.
Сондай-ақ, жартылай қорғаушы Юши Шимамура да есеп айырмасын қысқарта алмады.
Нәтижесінде «Ертіс» Нұрбол Жұмасқалиевтің жетекшілігімен алғаш рет жеңіліске ұшырады. Қорытынды есеп – 0:2.
Нұрбол Жұмасқалиев, «Ертіс» ФК бас бапкері
Ойын туралы айтып ктесек, бірінші тайм нашар ойнадық. Екі гол жібердіп қойдық. Бірақ, екінші таймда жігіттер кішкене ойларын дұрыстап, жақсы ойын көрсетті. Гол жағынан екінші таймда болған моменттерді соға алмадық.
13-турдағы жеңіліс «Ертісті» турнирлік кестеде 14-орынға түсірді. Павлодарлық команда қатарынан тоғыз матч бойы жеңіске жете алмай келеді. Келесі, 14-турда 20 маусым күні «Ертіс» тағы да Астанада ойнап, бұл жолы «Жеңіс» клубымен кездеседі.
Сабина Жолдаспаева