Атамекен кентінде жалғыз тұратын зейнеткер Татьяна Гладких көп жылдан бері панасыз қалған жануарларға қамқорлық көрсетіп келеді. Қазір оның шағын үйінде ондаған ит пен мысық өмір сүреді. Алайда жануарларды құтқарумен айналысқан жанның өзі бүгінде көмекке мұқтаж. Көру қабілеті әлсіреп, жүрек дертіне шалдыққан зейнеткер тозығы жеткен үйде тұрады. 


Татьяна Гладкихтың үйінде 16 ит пен 33 мысық бар. Тұрғындар жануарлардың басым бөлігін қорапқа салып қақпа алдына тастап кеткен. Енді бірін қоршаудан асырып жіберген. Ал кейбірін Татьяна Ивановна көшеден өзі тауып алған.

Татьяна Гладких, Атамекен кентінің тұрғыны

Бұл мысықты шамамен төрт жыл бұрын тауып алдым. Ол кезде өте арық еді. Мұрттары жоқ болатын, құлақтары зақымданған еді. Қазір көзі дұрыс көрмейді. Бірақ әр түн сайын қасыма келіп ұйықтайды. Оны қатты жақсы көремін. Қартайып, көзі көрмей қалғанын сеземін. Сондықтан оған алаңдаймын.

Жалғызбасты зейнеткер 66 жаста. Оның көру қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедектігі бар және жүрек жеткіліксіздігімен ауырады. Соған қарамастан, панасыз жануарларға күн сайын қамқорлық көрсетіп келеді.

Татьяна Гладких, Атамекен кентінің тұрғыны

Маған ота жасатуды ұсынды. Бірақ келіспедім. Себебі жануарларды кімге қалдырамын? Оларды тастап кете алмаймын. Олар мені күтеді, мен олардың бәрін жақсы көремін.

 Татьяна Гладкихтың зейнетақысы жануарлардың азығы мен еміне жұмсалады. Ал қалған қаражат тек ең қажетті шығындарға ғана жетеді. 

Татьяна Гладких, Атамекен кентінің тұрғыны

Бұрын комсомолда жұмыс істедім. Ұзақ жыл еңбек еттім. Бірақ ұлым жиі ауыратын болғандықтан үйде көп отыруға тура келді. Соның салдарынан еңбек өтілім жеткіліксіз болды. Бұрын зейнетақым 73 мың теңге еді. Кейін жүрек ауруыма байланысты қайта қаралып, қазір аздап көбейді.

 Қазір көмекті Татьяна Ивановнаның өзі қажет етеді. Оның тұрып жатқан үйі әбден тозған. Төбесі мен қабырғалары үгітіліп жатыр, едені сықырлайды. Ал, пеші тіпті үйді жылытпайды. Былтыр зейнеткер бірнеше қабат киіммен, бірнеше көрпемен қымтанып ұйықтауға мәжбүр болған.

Татьяна Гладких, Атамекен кентінің тұрғыны

Бұрын мұржа құлап, шатыр сынған. Содан жаңбыр суы өтіп, пеш жарамсыз болып қалды. Қазір шатырды да, мұржаны да толық жөндеу керек. Төбеден үнемі шаң мен қоқыс түседі. Күн сайын сүртіп шығамын. Пеш те дымқыл тартып, түтіні үйдің ішіне тарай бастады.

 Жалғыз адамға жиналған мәселелерді шешу оңай емес. Қазір үйдің шатырын, пешін және басқа да бөліктерін жөндеу қажет. Татьяна Ивановнаға қолдау көрсетемін деушілер үшін байланыс нөмірін ұсынамыз. Қайырымды іске үлес қосамын деген жандар зейнеткермен тікелей хабарласа алады.

Сабина Жолдаспаева