Павлодардағы 6679 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін аяқтаған сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бір жыл бойы әскери дайындықтан өтіп, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындаған жауынгерлер енді үйлеріне оралады. Әскерде алған тәжірибе мен шыңдалған мінез олардың азаматтық өмірде де табысқа жетуіне көмектеседі.



Достық үйінің залында салтанатты шара ұйымдастырылды. Мұнда сарбаздар, әскери бөлім басшылығы және қонақтар жиналып, бір жылдық қызметтің қорытындысын шығарды. Бұл кезең әр жауынгер үшін әртүрлі өткенімен, барлығына ортақ өмірлік мектеп болып, олардың мінезі мен жігерін шыңдады.

Манарбек Мусарьянов, 6679 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары

Бүгін біз 6679 әскери бөлімінде мерзімді қызметін аяқтаған сарбаздарымызды салтанатты түрде шығарып салып жатырмыз. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабына сай, олар Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеді. Бір жылдық қызмет барысында жауынгерлеріміз 150-ден астам маңызды қызметтік-жауынгерлік тапсырманы сәтті орындап шықты. Жақын күндері 150-ге жуық сарбаз үйіне оралып, еліміздің дамуына үлес қосатын лайықты азаматтар қатарын толықтырады.

Сарбаздардың бір бөлігі өздерінің болашақ таңдауын жасап, алдағы уақытта әскери салада қалып, қызметін ары қарай өтеуді ұйғарғанын атап өткен жөн. Ал өзгелері жоғары білім алуды жоспарлап отыр.

Манарбек Мусарьянов, 6679 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары

Мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлерді бөлім командирі марапаттайды. 150 сарбаздың 7-еуі ҚР Үкіметі бекіткен «САРБАЗ 2.0» бағдарламасына сәйкес, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында тегін білім алу гранттарына ие болды. Олар бұл мүмкіндікті жеңілдік негізінде, ҰБТ тапсырмай-ақ алды. Аталған 150 сарбаздың жиырмасы әскери салада қалуды жөн санап, келісімшарт жасасты. Жақын арада бұл жауынгерлер өзіміздің әскери бөлімде немесе тұрғылықты мекенжайлары бойынша өзге де әскери құрылымдарда жұмысын бастайды.

Шараға жиналған жауынгерлердің басым бөлігі үшін артта қалған бір жыл тек әскери міндетті өтеу мерзімі емес, тұлға ретінде өсу кезеңі болды. Әскери өмір олардың бойына темірдей тәртіп пен жауапкершілікті сіңіріп, әрбір қадамына есеп бере білетін мінезді қалыптастырды.

Әлтайыр Жұмсақбаев, 6679 әскери бөлімінің сарбазы

Әскер маған, бірінші кезекте, тәртіпті үйретті. Бұл – әр азаматтың бойында болуы керек қасиет. Болашақтағы мақсаттарыма жету үшін осы қатал тәртіптің көмегі зор болатынына сенімдімін. Шынымды айтсам, әскерге келгенге дейін бойымда жалқаулық, істі кейінге қалдыра салу деген сияқты әдеттер бар болатын. Ал қазір, әскери қызметтен өткеннен кейін, бәрін уақытында орындау керек екенін түсіндім. Өзімді алға ұмтылуға, үнемі дамып, тоқтап қалмауға үйреттім. Мен қазір жоғары оқу орнына түсу үшін құжаттар жинап жатырмын... болашағымды заң саласымен байланыстырғым келеді.

Достық үйіндегі салтанатты шара сарбаздардың әскери жолын қорытындылап, жаңа өмірге жолдама берді. Бұл жастар үшін әскерде жинаған тәжірибе олардың болашақ жетістіктерінің іргетасын қалайтын болады.


Жұлдыз Қабылденова