16–26 маусым аралығында ауыл оқушыларының ынтасын арттырып, зияткерлік әлеуетін ашатын «IQanat» республикалық олимпиадасының финалдық кезеңі өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен 1000 үздік оқушы Алматы қаласында бас қосып, өзара білім жарыстырады. Павлодарлық өрендерді сапарға шығарып салуға арнамыздың түсірілім тобы да қатысып қайтты.


Аталған олимпиада 2017 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Павлодарлық оқушылар додаға үнемі белсене қатысып, жыл сайын гранттар мен қолдауға ие болып жүр. Ал биыл білім сайысының республикалық кезеңінде өңіріміздің намысын 33 оқушы қорғайды.

Сандуғаш Матаева, Павлодар облысы бойынша IQanat қорының үйлестірушісі 

Әрине, үмітіміз зор. Басты мақсат – IQanat мектебіне грантқа түсіп, 10-11 сыныпты сонда оқу. Бұл – балаларға берілген үлкен мүмкіндік, сол себепті сондықтан мектепке жолдама алу өте маңызды. Балалардың жігері мен жеңіске деген талпынысы да ерекше. Ал финалға жеткен, бірақ мектепке өте алмай қалған балалар IQanat қорының олимпиададан кейінгі 3 жылдық тегін сүйемелдеуіне ие бола алады.

Зияткерлік додада оқушылар 5 пән бойынша білім деңгейін көрсетеді. Сайыс бағдарламасында әр қатысушының таңдауы бойынша арнайы бейіндік пән де бар.

Нұрсәуле Еркінбайқызы, бәйет ЖОББМ оқушысы (Екібастұз ауылдық аймағы)

Менің таңдау пәнім – тарих пәні. Менің алға қойған мақсатым – осы IQanat олимпиадасын жеңіп, грант ұтып алу. Біздің Екібастұз өңірінде мұндай мүмкіндікті ешкім ала алмаған және де ең алғаш болып мен қолыма түсірсем деген арман-мақсатым бар. Егер де сол IQanat мектебіне оқуға түссем, менің өмірім 180 градусқа өзгеретініне толықтай сенімдімін. Өйткені IQanat дегеніміз – ауылдан арманға бастар жол.

Оқушыларды Алматыға шығарып салуға отбасы мүшелері мен жақындары жиналып, ақ жол мен сәттілік тіледі. Біз де жерлестеріміздің ақтық сында жоғары нәтиже көрсетіп, асқақ армандарына қол жеткізуіне тілектеспіз!


Жұлдыз Қабылденова