Павлодарда алғаш рет жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар бірнеше күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Байрақты бәсекенің барысын тілшіміз Сабина Жолдаспаева бақылап қайтты.


15–19 маусым аралығында ұйымдастырылған республикалық додаға Қазақстанның 18 өңірінен 320-ға жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсеке Павлодар қаласындағы «Бірлік» жекпе-жек сарайында өтуде. Чемпионат Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаментінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Василий Скляр, Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы

Бүгін біз қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионатын ашып отырмыз. Бұл – үлкен спорт мерекесі. Қоян-қолтық ұрыс тек күш, жылдамдық пен шеберліктің көрінісі ғана емес, ең алдымен тәртіп, қарсыласқа құрмет және мықты мінез мектебі. Дәл осы қасиеттер еліміздің лайықты азаматтары мен болашақ чемпиондарын тәрбиелеуге ықпал етеді. Жас спортшылардың тәрбиесіне күн сайын білімі мен күш-жігерін арнап жүрген бапкерлер мен ата-аналарға ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында балалар қиындықты жеңуді, өзіне сенуді және алға қойған мақсаттарына жетуді үйренеді.

Қазір татамиде тартысты жекпе-жектер жалғасуда. Алғашқы күндері 12–13 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар «Жекпе-жек» дисциплинасы бойынша сынға түссе, барлық жас санаттарында «Өзін-өзі қорғау» бағыты бойынша жарыстар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ 14–15 жас аралығындағы спортшылар да өзара күш сынасып жатыр.

Сергей Вальтер, Павлодар облысы бойынша қоян-қолтық ұрысы федерациясының төрағасы

Чемпионат өте қызықты әрі тартысты өтуде. Қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде болғандықтан, жекпе-жектер де тартымды өтуде. Біз жарыс қонақтары мен балалар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Қоян-қолтық ұрыс – ең танымал спорт түрлерінің бірі. Себебі ол соққы жасау техникасы мен күрес тәсілдерін қатар қамтиды.

Қызылордадан келген жас спортшы қоян-қолтық ұрыспен 10 жасынан бері айналысады. Оның айтуынша, жоғары нәтиже тұрақты дайындық пен тәжірибенің арқасында келеді. Спортшы жыл сайын түрлі облыстық және республикалық жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдап келеді. Биыл ол өзін-өзі қорғау бағыты бойынша Қазақстан чемпионы атанды.

Ерболат Асқаров, қатысушы (Қызылорда облысы)

Осы спортқа қатысып жүргеніме 4 жылдан асты. Осы спортқа әкем алып келді. Бұл спорттық арқасында мен денсаулығымды қатайттым. Өмірімді жарқын қылдым. Бұл жетістіктерімінің бәріне тренерім өз үлесін қосты. Әкем секілді қарайды. Қолдап жүрді. 

Ал Атыраудан келген 12 жастағы қатысушы бұл жолы қарсыласына есе жібергенімен, жігері мұқалмағанын айтады. Оның сөзінше, жарыс әлі аяқталған жоқ және алда өз мүмкіндігін көрсетеді.

Байжан Аманжол, қатысушы (Атырау қаласы)

Мен осы спортпен кішкентай кезімнен бастап қатысамын. Бүгінгі жарыста ұтылып қалдым балмен. Спортта бәрі болады. күрестен де, стойкадан да. Екі пояс бар. 2022 жылы ҚР чемпионатында үшінші орын алған едім. 

Шаһарымызда өтіп жатқан ел чемпионатының қорытындысы бойынша үздік спортшылар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапатталады. Ал жас өрендер үшін бұл жарыс үлкен спорттағы жаңа белестерге бастар маңызды қадам болмақ.


Сабина Жолдаспаева