Маусым айының әр үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкерлері күні. Бұл күні кәсіби мерекесін атап өтетін жандардың бірі – Екібастұз қалалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марина Семикина. Келесі сюжетіміз өз ісіне адал осы маман жайында болмақ.


Марина Семикинаның бұл салада қызмет етіп келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Ол дәрігер болуды бала күннен армандағанын айтады.

Марина Семикина, Екібастұз қалалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі

Дәрігер болуды 4 жасымнан бастап армандадым. Себебі әжем қатты ауырып, оған күтім жасау керек болды. 6 жасымнан бастап оған түрлі инъекция салуды үйрендім. Үнемі не ауруханада, не үйде дәрігерлердің ортасында жүретінбіз. Негізі әулетімізде, туыстарымның арасында бұл мамандық иесі жоқ – дәрігер атанған алғашқы жан мен болдым. Хирургия саласына 1998 жылы Қарағанды медицина академиясын бітіргеннен кейін келдім. Өзімнің туған қалам – 1978 жылдан бері тұрып келе жатқан Екібастұзға оралдым. Медицина академиясына түскенге дейін Екібастұз медициналық училищесін тәмамдадым. Травматологиялық пунктте медбике болып жұмыс істеп те үлгердім. Содан кейін институттағы оқу мен соған сай қызметім басталды.

Бүгінде маман – Екібастұз қаласындағы жалғыз әйел хирург, ол көпжылдық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында 2021 жылдан бері Екібастұз қалалық ауруханасының хирургия бөлімшесін басқарып келеді. Марина Семикинаның бұл саланы серік етуі де тегін емес. Себебі хирургияда сәтті жасалған ота науқасты мазалаған дерттен біржолата арылуға мүмкіндік береді.

Марина Семикина, Екібастұз қалалық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі

Жұмысқа шыққаннан кейінгі үшінші күні алғашқы отаны жасадым. Ол аппендэктомия болатын. Науқас – 14 жастағы Настя есімді қыз бала еді. Бұл оқиға жадымда мәңгі сақталып қалды. Ол кезде операцияны жергілікті анестезиямен жасадық. Барлығы сәтті өтті: науқас толық сауығып, ауруханадан аман-есен шығарылды. Бұл менің хирург ретіндегі алғашқы операциям болатын.

Ал қазір кейіпкеріміз – хирургияның түрлі бағыты бойынша оталарды жасайтын білікті маман. Оның айтуынша, хирургтың жылдам әрі дәл шешім қабылдай білуі керек. Сонымен қатар бұл мамандық табандылық пен жауапкершілікті талап етеді. Осы қасиеттердің барлығы Марина Семикинаның бойынан табылады. Ол өз тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, олардың кәсіби қалыптасуына да үлес қосып келеді.

Әріп Салықов, Екібастұз қалалық ауруханасының хирург-дәрігері

Өте білікті, жоғары санаттағы хирург-дәрігер. Екібастұз қаласында және Павлодар облысында өте авторитеті жоғары, білікті маман-дәрігер болып есептеледі. Хирургия бойынша барлық операцияны жасайды. Биыл 7 жыл болады жұмыс істеп жатқанымызға. Маған үйреткен операцияның барлығы – сол кісінің арқасында. Келе жатқан медициналық қызметкерлер күнімен әріптестерімді құттықтаймын. Жұмыста табыс, науқастар барлығы үйлеріне шығарылсын, ауыр пациенттер болмасын, хирург-дәрігерлерде операцияларда қиындықтар болмасын.

Тәжірибелі маманның айтуынша, медицинадағы ең басты қағида – өз ісін сүю және әр науқасқа жанашырлықпен қарау. Оның өмірлік ұстанымында адамгершілік пен мейірімділік – әрдайым алдыңғы орында.


Жұлдыз Қабылденова