Екібастұзда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жұмыстардың барысымен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов танысты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Павлодар облысы 2025 жылы Қазақстанда алғаш болып «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын облигациялық қаржыландыру тетігі арқылы іске асыруды бастаған өңір атанды.
Ержан Иманзайыпов, Павлодар облысы энергетика және түкш басқармасының басшысы
Үш жылға жалпы құны 113,5 млрд теңгені құрайтын 53 жоба қарастырылған. Жыл сайын іске асырылатын жобалар саны мен қаржыландыру көлемі артып келеді. Осы көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орында тұр. 2025–2026 жылдарға 16 жоба жоспарланған, оның ішінде 7 жоба – жылумен жабдықтау, 9 жоба – электрмен жабдықтау саласында. Жалпы құны – 21,6 млрд теңге, ұзындығы – 94,2 шақырым. Нәтижесінде 444,6 шақырым желі жөнделіп, жылумен жабдықтау жүйелерінің тозуы 1,6%-ға, электр желілерінің тозуы 2,6%-ға, су құбырларының тозуы 0,2%-ға төмендейді.
Қазіргі таңда барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаларды жүзеге асыру өңірдің шамамен 282 мың тұрғынын сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
Жыл сайынғы тозу деңгейінің өсуін тоқтата алғанымызды атап өту керек. Бұған дейін біз негізінен тозудың артуын тежеумен ғана айналысатынбыз.
Ержан Иманзаипов, Павлодар облысы энергетика және түкш басқармасының басшысы
Мысалы, ТМ-2 жобасы бойынша еуропалық өндірістегі электр жетектері қолданылады, өйткені мұндай өнімдер елімізде шығарылмайды. Ал қалған жабдықтар бойынша отандық өнімдерге басымдық беруге тырысамыз. Бұл арнайы сайт арқылы тексеріледі.
Екібастұз қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 468 шақырымды құрайды, оның ішінде 41 шақырымы – магистральдық желілер. Желілердің тозу деңгейі 78 пайыз.
Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі
Нақты көрсеткіш бұдан төмен. Соңғы төрт жылда 150 шақырымнан астам кварталішілік желілер және 16,5 шақырым магистральдық желілер жаңғыртылды.
Биыл Екібастұзда ұлттық жоба аясында төрт жоба жүзеге асырылуда. Соның алғашқысы – ТМ-5 жылу магистралі.
Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі
Бұл – негізгі учаске. Оған қосылған 7 көпқабатты тұрғын үй бар. Құбыр диаметрі 700 миллиметрден 1000 миллиметрге дейін ұлғайтылуда. Бұл – басты магистральдардың бірі. Мердігер анықталған. Жобаның ұзындығы – 1 шақырым. 14 П-тәрізді компенсатор мен 9 жылу камерасын орнату көзделген.
Асайын Байханов ТМ-16 жылу магистраліндегі жұмыстармен де танысты. Мұнда ескі құбырлар мен темірбетон конструкциялары бөлшектеліп, қажетті материалдар жеткізілуде. Осындай жұмыстар ТМ-10 магистралінде де жүргізілуде, ал ТМ-11-де дайындық кезеңі басталған.
Асайын Байханов Екібастұз үшін тұрақты жылумен қамтамасыз ету мәселесі сөзсіз басымдыққа ие екенін атап өтіп, барлық жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс екенін тапсырды.
Облыстық маңызы бар автожолдарды жөндеу
Іссапар барысында өңір басшысы Майқайың – Екібастұз облыстық маңызы бар автожолындағы жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Бұл нысан 2025 жылдан өтпелі жоба болып саналады және автоматтандырылған өлшеу станциясын орнатуды қарастырады.
Биыл облыстық маңызы бар жолдарда жалпы ұзындығы 34,6 шақырым болатын үш жөндеу жобасын іске асыру жоспарланған. Олардың жалпы құны – 3,2 млрд теңге.
Қанат Қашкиров, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы
Бөлінген қаражатқа Майқайың – Екібастұз бағытындағы 22,6 шақырым жол жөнделуде. Жобаның құны – 2,4 млрд теңге. Қазіргі таңда 14 шақырым жерде ресайклинг жұмыстары аяқталды, 12 шақырымға төменгі асфальтбетон қабаты, 10 шақырымға жоғарғы қабат төселді. Жалпы орындалу деңгейі – 53 пайыз.
Бұл жолдың құрылысын тамыз айында аяқтау жоспарланған. Қорытындылай келе, облыс әкімі мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалау қызметтерінің өзара тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жанасыл Серікбол