Бүгінде білім беру саласы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеруде. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және заманауи сервистер сабақтардың жай ғана қосымшасы емес, мұғалімдерге, оқушыларға және ата-аналарға үлкен көмектесетін маңызды құралдарға айналды. Осыған орай елімізде, сондай-ақ, облысымызда да жаңа білім беру ортасы қалыптасуда.
Жаңа технологияныв еркін қолдану үшін ең керегі ннтернет. Сондықтан, шалғайдағы мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуден бастап, интеллектуалды қауіпсіздік жүйелері мен цифрлық көмекшілерді енгізуге дейінгі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұрын көптеген ауыл мектептері үшін заманауи білім беру ресурстарына қолжетімділік қашықтыққа байланысты шектеулі болатын. Бүгінде цифрлық шешімдер бұл кедергілерді жойып келеді.
Цифрлық трансформацияның жарқын мысалдарының бірі — «Qazaq Digital Mektebi» жобасы. Ол шағын мектептерге қашықтан оқыту арқылы тәжірибелі педагогтердің білімін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдегі мыңдаған мұғалім жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша оқытудан өтті. Ал жаңа оқу жылынан бастап Павлодар облысы бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллект негіздерін оқитын пилоттық алаңдардың біріне айналады.
Тағы бір мысал — №48 мектептегі AI-МЕКТЕП жобасы. Мұнда оқушылардың қауіпсіздігін арттыру үшін ықтимал қауіпті жағдайларды анықтайтын интеллектуалды бейнекамералар орнатылған.
Цифрландыру – тек жаңа құрылғылар мен бағдарламалар ғана емес. Бұл оқытуды қолжетімді етуге, педагогтерге көмек көрсетуге және әрбір оқушы үшін жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект адамды алмастырмайды, тек оның көмекшісі ретінде қызмет етеді. Сондықтан жаңа технологияларды енгізумен қатар, мұғалімдер мен оқушыларды оларды дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету жұмыстары да жалғасуда.
Самал Қалиқызы