Железин ауданы әкімінің кубогы мен «Туған өлке» және «Родные просторы» газеттерінің жүлдесі үшін волейболдан ашық турнир өтті. Тартысты жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен және Ресейдің екі қаласынан 14 команда қатысты. Ойынның куәгері болып қайтқан тілші әңгімесінде.
Жарысқа қатысуға өңірдің әр ауданынан командалар ниет білдірді. Ойын үш алаңда ұйымдастырылды. Бастапқы жарыс денешынықтыру және сауықтыру кешенінде және ауыл мектебінде болды. Ал турнирдің ашылу салтанаты «Арман» спорт кешенінде өтті. Спорттық доданың ашылуында сөз алған аудан әкімі қатысушыларға сәттілік тіледі.
Айтуған Шайхимов, Железин ауданының әкімі:
Спорттық шара ашылып жатыр. Сіздерге шараға қатысушыларға үлкен алғысымды білдіреміз. Сонау жерден келіп біздің осы волейбол спортының дамуына үлкен серпін береді деген сенімдемін бүгінгі сайыс. Сондықтан сіздердің әрқайсыңызға жаңа жетістіктерге жетуге табыс тілеймін.
Барлық командалар 4 топқа бөлініп ойнады. Плей-офф кезеңіне тек үздік екі команда ғана жолдама алған. Дүбірлі жарысқа Баянауыл ауданынан спортшылар келген.
Азамат Жақыпов, команда капитаны (Баянауыл ауданы):
Осындай турнирлер жиі болып тұрса әрине, бізге жақсы спортсмендардың күш жігерін дамытуға ары қарай рахмет айтамын Железинка ауданы әкіміне. Жеңісті күндерде кездесе берейік.
Турнирге облыс құрамасынан бөлек, Ресейдің көршілес облыстарынан, Омбы және Алтай өлкесінің командалары ат терлете келді. Айта кетейік, ойын 80 жыл тарихы бар аудандық «Родные просторы» және «Туған өлке» газеттерінің жүлдесіне және аудан әкімі кубогына орай ұйымдастырылған.
Азат Серғазин, аудандық «Туған өлке» газетінің редакторы:
Ауданда 2 газет жарыққа шығады. Туған өлке газетінің шыққанына міне 10 жыл Родные просторы газетінің 80 жылдан астам тарихы бар. Алдағы уақытта осы ойындарды жалғастырамыз деген ойдамыз. Ең үлкен ойынды осы газеттің мерейтойына одан да команда жинау жоспарымыз бар.
Турнир нәтижесінде бірінші орынға Павлодар мен Құлында қаласынан келген екі команда бақталасты. Ойын қорытындысы бойынша Алтай өлкесінен келген топ 2 де 0 есебімен жеңіске жетті. Ал Железин ауданының құрамасы үшінші орын еншіледі.
Әйгерім Тоқпанқызы