Ардагерлер кеңесінде «Ұмытылмаған қаһармандар» жобасы аясында ардагерлер және қаһармандардың балаларымен кездесу өтті. Қатысушылар шарада жерлестеріміздің ерліктері туралы айтты. Толығырақ алдағы материалдан көрейік.
Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды. Бірақ 1941-1945 жылдары ерлік көрсетіп, тиісті құрметіне ие болмаған жандар қаншама. Олардың соғыс алаңында жасаған ерлігін бүгінгі ұрпаққа насихаттау, лайықты құрметке қол жеткізу ұзақ уақытты қажет етеді. Осындай жұмыстармен «Ұмытылмаған қаһармандар» республикалық жобасы айналысады.
Сапаргелді Абдраш, «Ұмытылмаған қаһармандар» жобасының координаторы
Осы бір кездесуде ерлікке үлес қосқан батырлардың балалары, ұрпақтары қатысып отыр. Сондықтан мұның берер пайдасы, айтар ойы көп. Себебі, біз бүгінгі күннің, яғни, болашақ ұрпаққа үлкен сенім артып отырмыз.Себебі осындай әскери сабақтарда, шараларда кездесу өткенде, олар туралы материалдарды көргенде сол батырларға ұқсағысы келіп жатады. Мұның өзі сондай батырлардың ерлігін ешкім ұмытпағанын көрсетеді.
Қан майданда су кешіп, қар жастанған кешегі жауынгерлердің ерлігі еленіп, өңірімізден шыққан бірқатар батырлар «Халық қаһарманы» атағына ұсынылыпты. Бұл мақсатта жоба координаторлары облыстық архив қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеп келеді. Солардың қатарында 1941 жылы соғысқа аттанып, 1946 жылы оралған Сембай Қалиев те бар. Шараға оның ұлы Алматыдан арнайы келіп, әкесі туралы естеліктерімен бөлісті.
«Ұмытылмаған қаһармандар» жобасы отансүйгіштік мәдениетті қалыптастыру мен соғысқа қатысқан жерлес батырларды ұлықтауды дәріптеу ісінде маңызды рөл атқарып келеді.
Қымбат Садық