Ер есімі ел есінде. Бүгін ел қаһарманы, Кеңес одағының батыры Қанаш Қамзин ескерткіші алдына мектеп оқушылары жиналды. Олар ерлікке тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Жерлесіміз 1919 жылы Ақсу ауданы Жолқұдық ауылында дүниеге келген.
Қанаш Қамзин әке-шешесінен ерте айырылып, үлкен ағасының қамқорлығында ержетті. Қазақ- коммуна мектебінде білім алған бала Қанаш, 1936 жылы үздік оқушы ретінде жұмысшы факультетіне жіберіледі. Ал 1941 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын бітірді. Соғыс басталған күні Қанаш Қамзин әскер қатарына қабылданады. Сталинград жаяу әскерлер училищесінің жедел курсын аяқтаған соң лейтенант Қамзин, 52-ші атқыштар дивизиясы, 429-шы атқыштар полкның 3-ротасында болады. Молдова, Украина шайқастарында ерлігімен көзге түсті. 13 қыркүйек күні 2-ші Украина фронтында атқыштар ротасының командирі кезекті жекпе-жек шайқаста қаза табады. Осы кезкілескен ұрыста жанқиярлық ерлігі үшін Кеңес одағының батыры атағы берілді. Бүгін өткен тағылымды шара – тарих беттеріне алтын әріппен жазылған ерлікті ұмытпай, ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған өнегелі іс.
Бауыржан Сейталы, «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубы басшысының М.А.
Іс шараның атауы батырларға тағзым. Яғни осы біздің батыр атамыздың рухына арналған және сонымен қатар жалпы мақсаты жеңіс күнін мерекелеу аясында өткізіп жатырмыз. Мақсаты ата-бабабалымыздың батырлығын ұмытпай, насихаттау, құрмет көрсету.
Ескерткіш алдына қойылған әр гүл шоғы – алғыс пен құрметтің, елге, ерге деген мәңгілік алғыстың белгісі.
Данил Басов, Павлодар қаласы М.Көпеев атындағы ЖОББМ оқушысы
Бүгін біз Павлодар қаласының бүкіл оқушылары Қ.Қамзин ескерткіші алдында жиналып отырмыз. Біздің аталарымыздың арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Олардың ерліктері біз үшін ешқашан ұмытылмас қайсарлығы біз үшін маңызды болып есептеледі.
Батырдың ерлігі еш ұмытылмайды. Қанаш Қамзин есімімен Павлодар қаласында және Ақтоғай ауданында көше атауы бар. Ал туған ауылындағы мектеп батырдың есімімен аталады.
Әйгерім Тоқпанқызы