Павлодар облысы Төтенше Жағдайлар Департаменті қызметкерлері жылыту маусымы алдында профилактикалық рейд өткізді. Шара барасында аз қамтылған отбасылардың үйлеріне улы газ анықтайтын датчиктерін орнатып, пештердің жылу беру маусымына жарамдығын тексерілді. Ал, тұрғындарға тілсіз жаудың алдын алу ережелерін еске салып, жадынамалар таратты.
Жылыту маусымы басталауына санаулы уақыт қалды. Алайда, күн-райынның суытуына байланысты тұрғындар қазірдің өзінде пеш жағып, электр жылытқыштарын пайдалануға көшкен. Жылыту жүйелері мен қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау өте маңызды. Дегенмен, тілсіз жаудың алдын алу ережелерін ұстана бермейтіндер де бар. Бұл ретте облыстың Төтенше Жағдайлар Департаменті қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйлерді аралап шықты. .
Төтеншеліктер жалғыз тұратын зейнеткерлер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріндегі түтін өтетін мұржаларды тазалап, пештердің жарамдығын тексерді. Тілсіз жаудың салдарымен күресу мақсатында улы газ датчиктері де орнатылды. Бұл құрылғы ауа құрамында улы газдың концентрациясы көбейген жағдайда, дабыл қағу арқылы үй иелеріне белгі береді. Алдағы уақытта аталған санаттағы отбасылардың үй-жайларын улы газ датчиктерімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса бермек.
Тәжірибеге сүйенсек, жылыту маусымының басталуымен өрт оқиғалары көбейе түседі. Төтеншеліктер тілсіз жау көп жағдайда қауіпсіздік ережелерінің бұзылуынан туындайтынын айтады. Сондықтан өртке қарсы қызмет мамандары тұрғындарды пеш жағу және электрлі қыздыру құралдарын пайдалану кезінде барынша сақ болуды сұрайды. Пештің алдында аяқ киім мен отынды кептіруге болмайтынын назарға алған жөн. Алдағы уақытта тұрғындарды жылу беру маусымының келуіне байланысты қауіпсіздік ережелерімен барынша хабардар ету мақсатында апта сайын «Өрт қауіпсіздігі күндері» өткізіледі.
Ақмаржан Қалымбек