Облыс орталығында ақын Оразбек Бақытханның шығармашылық кеші өтті. Шарада өлеңдері оқылып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Толығырақ – келесі сюжетте.

Оразбек Бақытхан – республикалық көркемсөз, жыр-терме байқауларының жеңімпазы, «Ертіс дарыны», ҚР Президентінің «Халық алғысы» медалі мен «Құрмет грамотасы» иегері. Шығармашылық кеш шымылдығы өңіріміздің 4 ақынының «Менің досым» атты өлеңімен ашылды. Мұнда кеш кейіпкерінің 8 қырын көрерменге таныстырып, ортаға салды. Кейін Оразбек Бақытхан сырға толы поэзиясы мен әсем әндерін көрерменге ұсынды. Сондай-ақ, бірнеше жаңа әнінің тұсауы кесілді.

Оразбек Бақытхан, Ақын:

Бүгін ең алғашқы шығармашылық кешім өтейін деп отыр. Бұл шығармашылық кеш Павлодар әкімдігінің қолдауымен, Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастырумен, «Менің жетістігім – елімнің жетістігі» жобасы аясында өтіп отыр. Бұл шығармашылық кешке мен өзімнің авторлық әндерімді және студент шәкірттерім мен студент шәкірттерімнің өнерін халыққа ұсынатын боламыз.

Оразбек Бақытхан – бір бойына сан түрлі өнер тоғысқан талантты жан. Ол – әнші, ақын, композитор, көркемсөз шебері және қоғам белсендісі. Сондай-ақ қазір мектепте жұмыс істеп, оқушылар мен студенттерді өнерге баулиды. Шығармашылық кеште дарын иесінің өзімен қатар оның шәкірттері де өнер көрсетті.

Бұл кешті өткізудің мақсаты – көрерменнің өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру және талантты жастарды қолдау болды. Оразбек Бақытхан кешті өткізу үшін грант ұтып алып, «Менің жетістігім – елімнің жетістігі» жобасының алғашқы кейіпкері болып отыр.

Данияр Жұмаділ, «Жебе» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Павлодар қаласының Ішкі Саясат бөлімінде үкіметтік емес ұйымдарға арналған шағын гранттар байқауы болған. Сол грантты ұтып алып, соның талабы бойынша «Менің Жетістігім – елімнің жетістігі» деген бағыты бойынша осы шығармашылық кешті ұйымдастырып отырмыз. Енді бұның басты ерекшелігі – қоғамда таланты келіскен, ерекше белсенді азаматтар бар, жастар бар, соларды қолдау мақстаында осындай жоба бастаған болатынбыз. Жобаның бірінші кейіпкері – Оразбек Бақытха.

Кешке ақынды құттықтап, өнер иелері мен қоғам белсенділері келді. Олар Оразбек Бақытханға ізгі тілектері мен құттықтауларын жеткізді.

Болат Зауытұлы, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының басшысы:

Шетелде туып өсті. Қазақстанға, Атамекенге келіп, ПГУ-да білімін шыңдап, оқуын ойдағыдай бітіріп, қазір қоғамда өзіндің орны бар. Білім саласында елеулі еңбек етіп жатыр. Облысымыздың көп тұрғындары осы азаматты жақсы таниды деген ойдамын. Сондықтан да біз бүгін шығармашылық кешіне арнайы келіп, құттықтап кетейік деп келіп отырмыз.

Шығармашылық кеш өнер сүйер қауымның көңілінен шықты. Ақын көрерменнің ілтипаты мен сүйіспеншілігіне бөленді. Айта кетейік, бұл кеш жоба аясындағы бірінші шара болып ұйымдастырылған. Алдағы уақытта мұндай жобалар жалғасын табады.

Жұлдыз Қабылденова