Бүгінде облыста мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Бірі сұлулық салонын ашса, енді бірі кондитерлік ісін дамытуды көздейді. Ал, біздің кейіпкер Тереңкөл ауданында тігін кәсібін өркендетуде.
Қарлығаш Қайырбекқызы – өз кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана. 15 жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен ол бүгінде тігіншілік ісін дамытып отыр. Тігін өнерін бала кезінен жақсы көреді. Қолөнерге деген махаббатты бойына әжесі дарытып, тігін тігудің қыр-сырын үйреткен. Қызығушылығы қуыршақтарға көйлек тігуден басталған.
Қарлығаш Қайырбекқызы, тігінші:
Негізі тігін ісін мен бала кезімнен жақсы көремін. Ата-анамның айтуынша, кішкентай кезімде дорбаның ішіне маталарды салып алып қуаршақтарға киім тігетінмін. Бойымдағы қасиетті байқаған ата-анам маған кішкентай тігін машинасын алып берген. Әлі күнге дейін есімде, қызыл түсті әдемі болатын. «Подольский» деген қара машинакаларға ұқсайтын. Тігін ісін үйреткен – әжем. Өйткені әжемнің үйінде көп болатынбыз.
Ісмер жанға кәсібін ашуға мемлекеттік қайтарымсыз грант сеп болды. Грант қаржысына тігін машинасы мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Бүгінде мемлекет ұсынған мүмкіндіктің көмегімен түрлі бұйым тігіп, сүйікті ісін өркендетіп келеді.
Қарлығаш Қайырбекқызы, тігінші:
Шет жағасын еститінмін. Бірақ ол маған тие ме, тимей ме деген күмән болды. Ең алдымен мен жұмыссыз болуым керек еді. Дәл сол уақытта мен шешім қабылдадым балалық арманыма қадам жасап, кәсібімді ауыстыру керек деп. Кейін тиісті органдарға өтініш білдірдім. Сұрақтарымды қойдым. Мен көпбалалы ана болғандықтан мен сол категорияға жатады екенмін.
Арман – адамға қанат. Кейіпкерімізді аңсаған мұратына жеткізген – биік арман-мақсаттары десек жаңылыспаймыз. Себебі, ол тігін өнерін серік қылуды ұзақ жыл бойы аңсап келген. Кейін тәуекел етіп, арманына алғашқы қадамдарын жасады.
Қарлығаш Қайырбекқызы, тігінші:
Жұрттар зәулім үй, машина армандаса, менің арманым – артымда тұрған тігін машинасы, парагенератор, столды армандадым. Бәлкім мені көбі түсінбейтін шығар. Бәрі менің ойымда, мақсаттарым бар. Сол мақсаттарымды жүзеге асыру үшін осылардың бәрі маған көмекші болады деген ойда болдым. Бірінші қадам жасалды. Аллаға шүкір әрекеттер жасап жатырмын.
Қарлығаш Қайырбекқызының ендігі арманы – жеке брендін қалыптастыру. Кәсіпкер білімін толықтырып, үнемі ізденісте. Бүгінде ұлттық нақыштағы көйлектер мен бұйымдар көптің қызығушылығына ие. Әсіресе қолдан тігілген киім-кешектер қыз-келіншектердің ерекше сұранысында. Алдағы уақытта оюлы көйлектер тігіп, ұлттық қолөнерімізді насиххатуды мақсат етемін, дейді тігін өнерінің шебері. Ал, тігіншілікке қызыққан жандар үшін шеберлік сағатын өткізіп, бар білімімен бөлісуге ниетті.
Ақмаржан Қалымбек