Астанада инклюзивті ойындар форматында сайыс ұйымдастырылды. Ұлттық ойындардан «№ 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының» тәрбиенушілері 8 алтын медаль жеңіп алып, облыс намысын қорғап келді.
«Жұлдызай» спартакиадасында павлодарлықтар бірнеше жыл бақ сынап келеді. Биылғы жарыста спортшыларымыз Алматы облысының құрамасына ғана есе жіберіп, жалпыкомандалық екінші орынға ие болды. Жеңіске балалар мен жаттықтырушылары дән риза.
Александр Таранченко, № 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының дене шынықтыру мұғалімі:
«Инклюзивті ойындар дегеніміз – ерекше балаларға арналған ойындар. Олардың мүмкіндіктері немесе қабілеттері өзгеше болуы мүмкін. Бірақ спортқа деген қызығушылығы мен ұмтылысы шексіз. Сайыстарға қуана-қуана қатысады. Бізде оқушылар аз болса да, команда жинаған кезде қатысам деушілер көп. Ең қуаныштысы – олар жақсы нәтиже көрсетіп, жеңістерге қол жеткізеді»
Сайыс барысында қазылар Валерия Роппельді ерекше атап өтті. Ол жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, жақсы нәтиже көрсете алды.
Александр Таранченко, № 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының дене шынықтыру мұғалімі:
Ол төртінші орынға ие болды. Бірақ, қазылар мен ұйымдастыру комитеті оны жеке сыйлықпен марапаттауды жөн көрді. Сонымен қатар, ынталандыру үшін кубок табыстады. Ол Валерияның спортпен айналысуға құштарлығын арттырды деп ойлаймын.
Жарыста жоғары нәтиже көрсеткендер қатарында Салават Гизатуллин де бар. Ол Павлодар құрамасы қоржынына 3 алтын медаль салды.
Салават Гизатуллин, № 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының тәрбиеленушісі:
Мен жеңіл атлетика жарыстарына қатыстым және бірінші орын алдым. 50 метр мен 100 метр қашықтықта және эстафетада жеңіске жеттім. Маған бәрі ұнады. Жаттықтырушымыз Александр Владимировичке рахмет.
Арнайы кешен балалардың физикалық дамуы үшін түрлі мүмкіндіктер ұсынады. Мұнда оқушылар өзін-өзі дамытумен айналысып, спорттық әлеуеттерін арттырады.
Самал Хасанова, № 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернаты басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
Біздің мектепте жеңіл атлетика, волейбол, тоғызқұмалақ сияқты үйірмелер жұмыс істейді. Балалармен біздің ұстаздар ғана емес, балалар мен жасөспірімдер мектебінен келетін мұғалімдер де жұмыс жасайды. Балалар үйірмелерге қуана қатысады, спортпен шұғылданғанды ұнатады. Менің ойымша, сол себепті олар керемет нәтижелер көрсетеді.
Айта кетейік, жазда арнайы кешен тәрбиеленушілері парастарт ойындарында жалпыкомандалық есепте жеңіске жеткен. Сондай-ақ балалар шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі ойындарға ие болады. Оған мектептегі ым-ишарамен ән айту, хореография сынды үйірмелер оң әсерін береді.
Жұлдыз Қабылденова