Облыс бойынша қылмыс деңгейі 13,3 пайызға төмендеді. Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров брифинг барысында айтты.

Өңірде қылмыстық құқық бұзушылық біршама төмендеген. Бұл ауыр және аса ауыр қылмыстарға да қатысты. Полиция департаментінің мәліметінше, кісі өлтіру 7,4 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 21,2 пайызға төмендеген. Қоғамның басты мәселесіне айналған алаяқтық фактілері де азайды. Мәселен, интернет-алаяқтықтың 39,1 пайызға, ал мүлік ұрлаудың 2,5 пайызға төмендеуі байқалады. Бұрын істі болған азаматтар, жасөспірімдер жасайтын қылмыстар мен тұрмыстық-зорлық зомбылықтың қарқыны да бәсендеген.

Өткен жылғы статистикаға сүйенсек, 10 мың тұрғынға қылмыс деңгейі 78 құраған. Биыл қылмыс деңгейі 67-ге төмендеді. Қуантарлығы, бұл ел бойынша төмен көрсеткіштердің бірі. Жыл басынан полиция мамандары 1700 жуық қылмыстың ізін суытпай ашқан.

Жыл басынан 100 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Заңға бағынбаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылды.

Бүгінде өңірде сервистік полиция деп танылған жаңа модель қалыптасуда. Оның аясында учаскелік полиция ұйымдық моделін ұйымдастыру қарқынды жүргізіліп жатыр.

Іздеуде жүрген қылмыскерлерді құрықтау бойынша да оң көрсеткіштер байқалады. Атап айтқанда, 89 қылмыскердің орналасқан жері анықталып, оның ішінде 2016 жылдан бері іздеуде жүрген 5 қылмыскер көрші Ресей елінде құрықталған.

Ақмаржан Қалымбек