Айтыс өнері қазір қайта жаңғырып, көрермен қауымды қуантып келеді. Әсіресе, жастардың төл өнерге деген қызығушылығы артып жатқаны қуантады. Келесі сюжетіміздің кейіпкері – қара домбыра үнімен, суырып салмалық ақындығымен ұлттық мұраны жалғастырушы жас ақын.

16 жастағы Ибрахим Қазбек Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия-интернатында оқиды. Жас ақын сабағын үздік оқумен қатар ұлттық өнеріміздің дәріптелуіне үлесін қосып жүр. Түрлі жыр бәйгесіне қатысып, көрермен көзайымына айналған. Оның ақындық жолы мектеп үйірмесінен басталған.

Ибрахим Қазбек, жас ақын:

«5-сыныпқа келген кезде ақындық үйірмесіне жазылған болатынмын. Теледидардан көріп жүрген айтыс пен жыр мүшайраларына маған қатысуға, ауқымды додалар мен үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік ашқан нақ осы ақындық үйірмесі болған.»

 «Ұстазымыз Асығат Тұрғанбек аға бар. Ол кісі 5-сыныптан бері ақындықтың не екенін... басында жазба ақын болдым, 9-сыныпқа дейін. 10-сыныпқа қадам басқанда домбыраға деген махаббатым, айтысқа деген махаббатым ерекше ашылды. Содан кейін қолыма аспап алып, суырыпсалмалықты бойыма сіңдірдім. Содан кейін аламанды көре бастадым.»

Ибрахим Қазбек айтыс өнерімен айналысуды аз уақыт бұрын бастаған. Бірақ, осы уақыт ішінде жетістіктерге қол жеткізіп, бірнеше жыр додасынан жүлделі орындарға ие болған.

 Жуырда облыстық оқушылар мен үлкендер айтысынан жүлделі орындар алдым. Наурыз айтысында бірініш орын алған болатынмын. Жыр мүшайраларына да шықтым. Республикалық Абай оқуларынан екінші орын алғаным да бар ақындық бағытынан теледидардан айтысқа деген махаббатым болатын. Бірақ үш ұйықтасам, түсіме кірмепті, айтысқа, сахнада өзім өнер көрсетемін деп.

Ибрахим алдыңғы буын ағалары сынды мықты айтыскер болып, сөз өнеріне өз үлесін қосуды қалайды. Ол үшін әркез білім көкжиегін кеңейтіп, шығармашылығын шыңдайды.

Жұлдыз Қабылденова