Облыс орталығында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен «Жолда қабылдау» науқаны жүргізілді. Шараға компания өкілдері мен полиция қызметкерлері қатысты.

 «Жолда қабылдау» науқаны жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл мамандар жүргізушілерді қала кіре берісінде қабылдады. Акцияның өтуіне «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Павлодар облыстық филиалы ұйытқы болды.

Алексей Логвиненко, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалы басшысының орынбасары:

 «Қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Павлодар облыстық филиалы және оның бөлімшелері тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Өтетін іс-шаралар шеңберінде бүгін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Павлодар облыстық филиалы, Әкімшілік полиция басқармасы және облыстың жергілікті полиция қызметімен бірлесіп «Жолда қабылдау» іс-шарасын өткізіп жатырмыз»

Бақтыбай Шукубаева – облыс орталығының тұрғыны. Айтуынша, Павлодар – Астана тас жолында жиі қатынайды. Қала тұрғыны мамандарға жолдың сапасына қатысты мәселемен жүгінді.

Жыл басынан бері облыстың республикалық маңызы бар автожолдарында 54 жол-көлік оқиғалары орын алған. Өкінішке қарай, олардың көбі адам шығынымен аяқталды. Жол апаты салдарынан 25 адам қаза тапқан, ал 78 адам түрлі жарақат алды. Мамандар тұрғындардан жолдағы тәртіп пен ережелерді сақтап, абай болуды сұрайды.

Алексей Логвиненко, «Қазавтожол» ҰК» АҚ павлодар облыстық филиалы басшысының орынбасары:

 «Жүргізушілерге айтарым - сіз тек өзіңіз үшін ғана емес, жолаушыларыңыз бен қозғалыстың басқа қатысушылары үшін де жауаптысыз. Жолда жылдамдық режимін сақтаңыздар. Жақындарыңыз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі - сіздің жауапкершілігіңізде»

Қабылдауға қатысқан әр азаматқа жүгінген мәселесіне қарай тиісті ақпараттық көмек көрсетілді. Ұйымдастырушылар аталған шараны жиі өткізіп тұруды жоспарға алды.

Ақмаржан Қалымбек