28 қыркүйек - қазақ әдебиеті үшін қастерлі күн. Себебі бүгін – әр заманда өзіндік соны із қалдырған қаламгер тұлғалардың туған күні. 1897 жылы Мұхтар Әуезов дүниеге келсе, 35 жылдан соң Шерхан Мұртаза, ал 1943 жылы дәл осы күні Оралхан Бөкей өмір есігін ашқан.

Қазақ әдебиетінің үш алыбы да ұлттық руханият жолында толағай еңбек етті. Абай арқылы қазақты танытқан Әуезов те, ел журналистерінің кемеңгер ұстазы Шераға да, Алтайдың кербұғысы атанған асқақ Оралхан да таныстыруды қажет етпейтін дарабоздар. Үш заңғардың көшін бастаған Мұхтар Әуезов бақытты да, қиын тағдырды бастан кешті. Ол өмірінің соңғы төрт жылында ғана тыныштық пен құрметке бөленген. Ал оған дейін бірнеше рет саяси қуғын-сүргінге ұшырап, үш жылын түрмеде өткізді. Бірақ көзі тірісінде ұлт маңдайына біткен қайталанбас қаламгер ретінде халықтың сүйіктісіне айналып, әлем әдебиетінде мойындалған жазушы.

Серік Елікбай, ақын, Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры:

Абай жолының» ішіндегі сөздік қоры әлем әдебиетінің кез-келген ақын -жазушының басындағы немесе соның қолданған сөздік қорынан артық кімді алып қарасаңыз да.

Қаламгердің «Абай жолы» роман-эпопеясын жазу жолы бесіктен басталған десе болады. Абай ауылымен көршілес болған бала Мұхтар сәби кезінен данышпан ақынның шығармашылығына қанып, өзін танып өседі.

Ұлт әдебиетінде Мұхтар Омарханұлының ізін басып, жазушылықпен қатар, журналистиканы, публицистиканы қатар ұстанған қаламгер Шерхан Мұртаза. Биік мінберден шындықты айтып ширыққан депутаттығы да бір төбе. Ал «бір кем дүние» тәрізді туындылары халықтың күнде аузында.

Болмысы бөлек тұлға қанша жас таланттың томағасын сыпырып, қаламына қанат бітірді. «Шер-ағаның шекпенінен шыққан» қайраткердің бірегейі Оралхан Бөкей. Ауылда трактор айдап жүрген арманшыл бозбаланың редакцияға жолдаған хатынан-ақ дарынын байқап Алматыға алдыртқан осы Шерхан Мұртаза еді. «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкейдің туғанына биыл 80 жыл.

Отты ойлардың оғланы Оралхан өлген жоқ. Шераға да күн өткен сайын шығармасымен биіктей береді. Ал әдебиет дегенде аты бірінші аталатын Әуезовтің орны тіптен бөлек. Уақыт өткен сайын бұл алыптар тек аспандай бермек.

Гүлсара Мәлікова