Ана тілдің мәртебесін көтеру – ортақ мүдде. Облыс орталығында «Қазақстан жастары: мемлекеттік тіл саясаты және қоғам» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында берген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары талқыланды. Шараға тіл саясаты комитетінің өкілдері, еліміздің түрлі өңірлерінен келген ғалымдар, тіл жанашырлары қатысты.

Айзада Құрманова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:

Ұлттық руханияттың ұйтқысы болған қасиетті мекен – Ертіс-Баян өңіріне қош келдіңіздер! Еліміздің әр өңірінен жиналып, игі шараның қасынан табылған сіздерді киелі шаңырақта көргеніме қуаныштымын. Менің түсінігімде, бұл жерге кездейсоқ адамдар жиналған жоқ. Сіздер – мемлекеттің тірегі, ұлттың өзегі – ана тіліміздің жанашырысыздар.

Алқалы жиында мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейту, қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Ербол Тілешов, ҚР ҒЖБМ тіл саясаты комитетінің төрағасы:

Қазақ тілінің дамуы мен әлемдік кеңістікте қазақ тілі қандай орын алады, ақпараттық кеңістікте қандай орын алады, ғылым кеңістігінде қандай орын алады – осы мәселелер талқыланады. Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру, қазақ тілін оқыту әдістемесінде қандай мәселе бар, әлі мәселелер баршылық –солардың бәрін ақылдасу. Ең бастысы – тіл саясатына, мемлекеттік тілдің даму барысына жастардың көзімен қарағымыз келді.

Бүгінгі кеңестің өту барысы да өзгеше болды. Алғаш рет ойталқы форматындағы шара болып өтті.

Медет Тауасқан, Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы:

Форматы ерекше, бұндай форматта бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұрынғыдай шығып, доклад оқу емес, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап отырып, LED-экранды қолдана отырып, түсіндіру, мазмұндамасын ғана айту.

Шараға қатысқан ғалымдар қатарында қазақ тілін меңгерген жапондық профессор Такаши Ниномия болды. Ол Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде қызмет атқарады.

Такаши Ниномия, ҚАЗҰУ шығыстану факультеті қиыр шығыс кафедрасының профессоры:

Мені КАЗГУ-да жұмыс істеуді ұсынды. Сондықтан мен болашақта Қазақстанға барамын деп, директордан сұрадым. Орыс және қазақ тілінде қайсын оқу керек?» деп. Онда маған «Ұзақ уақыт Қазақстанда өмір сүрсең, қазақша оқу керек. Қазақ тілі орын тіліне қарағанда маңызды» деп айтты. Ол – орыс тілінің оқытушысы, бірақ қазақ тілі маңызды екенін айтты. Сондықтан мен қазақ тілін таңдадым.

Семинар-кеңесте қазақ тілінің даму бағыттарын талқылаумен қатар түрлі шаралар ұйымдастырылды. Студенттер арасындағы дебат, тіл саясаты комитеті төрағасының жастарға дәрісі және тіл мәселесі жөнінде сұрақ-жауап өтті.

Жұлдыз Қабылденова