Қарапайым еңбек адамдарының есімін әріптестерінен өзге ешкім білмесе де олар ел экономикасына орасан зор үлес қосып жатқаны белгілі. Биыл елімізде атақ-даңқ іздемей-ақ адал еңбек етіп жүрген жандардың жылы. Ал, алдағы материалымыз металл жасаушылар жайлы.
Марина Полат бала кезінен химияны жақсы көрді. Мектепте осы пәннің қосымша сабақтарына қуана қалатын. Құрдастарының көбі жалығатын пән оны әркез таңдандыратын. Міне, өмірлік кәсібі де осы пәнге байланысты болды.
Марина Полат, химик-лаборант
Мектепті аяқтаған соң мамандығымды таңдау қиын болған жоқ. Сүйіп оқитын химия пәнін треңдетіп оқуды шештім. Түсті металургия саласының технологы мамандығын оқыдым. 2018 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін.
Марина химияны ғана емес, музыканы да жақсы көреді. Еңбек адамдарының атаулы жылына орай ұйымдастырылған өңірлік «Екі жұлдыз» конкурсына да қатысты. Осылайша өнеркәсіп жұмысшылары ауыр еңбекті еңсеріп қана қоймай, үлкен сахнада өз таланттарын да көрсете алатындығын дәлелдеді.
Марина Полат, химик-лаборант
Осылайша мен өз кәсіпорнымның намысын өнер айдынында да қорғадым . Қолдау көрсеткен дос-жарандарға, басшылыққа үлкен алғысымды айтамын.
Марина өзін сахнада да, лабораторияда да еркін сезінеді. Сахнаға жан-жүрегінің қаалауымен өнер көрсетсе, кәсіпорындағы жұмыс өмірлік мәселе. Оның айтуынша қазіргі уақытта жұмысты ерлерге, әйелдерге арналған деп бөлудің қажеті жоқ.
Марина Полат, химик-лаборант
Көпшілігі зауыт әйелдер жүретін жер емес деп есептейді. Мен болсам олай еместігін айтқым келеді. Бұнда сан алуан мамандық, әр түрлі жұмыс бар. Оның бәрі әйелдердің қолынан келеді. Әйелдер бәріне бейімделіп, сан түрлі жұмысты істей алады. Бастысы жұмысты әйелдікі, ерлердікі деп бөлмеу қажет.
Кәсіпқойлықтың жалғыс үлгісі Марина емес. Кәсіпорындағы қызуы жоғары пештің жанында Евгений Тихоненко да еңбек етіп жатыр. Осында 20 жылдан бері болат балқытып келеді.
Евгений Тихоненко, 6-санатты электр пештің болат балқытушысы
Болат балқыту ұжымдық еңбек. Үлкен жауапкершілікті, аса қауіпсіздікті қажет етеді. Барлық техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау қажет.
Евгенийдің жеке үлесі арқасында зауыт еліміздің ірі мұнай өндіруші, геологиялық барлау және машина жасау кәсіпорындарын жоғары сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Евгений Тихоненко, 6-санатты электр пештің болат балқытушысы
Бала кезімде болат балқытушы болам деп ойлағам жоқ. Өмір жолымда осы кәсіпті игердім. Қазір өмірімді бұл жұмыссыз елестете алмаймын. Бұл әрине қатерлі жұмыс. Бала кезімде сұйық металлмен жұмыс істейтін еңбеккерлердің суретін көріп таңданатынмын.
Екі кейіпкердің де жұмысы айрықша түйсік пен дәлдікті қажет қылады. Олар аса ауыр еңбекті адал атқарып, ел дамуына айрықша үлес қосуда.
Жанасыл Серікбол