Қазақстан Бірінші лигасының екінші айналымы басталды. Павлодарлық «Ертіс» өз алаңында маусым аутсайдерлерінің бірі — «Ақтөбе-М» командасын қабылдады. Алғашқы ойында бұл қарсыласты 1:0 есебімен жеңген болатын. Бұл жолы жеңіс Павлодарлықтардың еншісінде қалды.
Ойынның басынан-ақ Ертіс бастаманы өз қолына алды. Қарсылас қақпасына қысым көрсеткенімен, алғашқы гол тек 27-минутта соғылды. «Ақтөбе-М» қақпашысы Парасат Қорғанбаевтың қатесін сәтті пайдаланған Нұрғайни Бүрібаев есепті ашты. Ал 33-минутта жаңа ойыншы Еркебұлан Тұңғышбаев Владимир Воменконы алға шығарып, оның пасынан кейін Тамерлан Ағиманов маусымдағы төртінші голын соқты. Ойынның екінші жартысында да «Ертіс» басымдық танытты. 74-минутта Арман Смайыловтың пасынан кейін Әділхан Добай қақпаны дәл көздеп, есепті 3:0-ге жеткізді. Осылайша, «Ертіс» маусымдағы тоғызыншы жеңісіне қол жеткізіп, 30 ұпаймен көшбасшылар қатарынан түспей келеді. Қазір турнир кестесінде бірінші орында 35 ұпайы бар «Каспий». Екінші орында 30 ұпаймен «Ертіс». Ал «Шахтёр» мен «Алтай-Өскеменнің» ұпайы 29. Айта кетейік, 24 шілде күні Павлодарлықтар келесі ойынын Алматыда «Қайрат-Жастар» командасына қарсы өткізеді.
Дильназ Қуанышбекқызы