Қала күнін тойлау салтанаты шаһардың бірнеше ауданында ұйымдастырылды. «Құлагер» ипподромында бәйге жарысы өтті. Құнан, топ және аламан бәйге бойынша өткен жарыстарға Алматы, Жамбыл, Абай, Астана, Петропавл және Көкшетау қалаларынан келген шабандоздар қатысты. Толығырақ тілші әңгімесінде.

Ипподром маңында киіз үйлер тігіліп, той мен ойын-сауық мекеніне айналды. Бұл жерде көрме ұйымдастырылып, ұлттық спорт шеберлері боз кілемде белдесіп, мерекенің сәнін арттырды. Ал, ақ жаулықты әжелер қол өнер бұйымдарын көрсетіп, келген меймандарға таныстырды. Қала тұрғындары осы салтанатты шараны тамашалауға жиналды.

Асылбек Туғанбай, облыстық мәслихат депутаты

Қала тұрғыны ретінде мен барлық Павлодарлықтарды бүгінгі қала күнімен шы жүректен құттықтаймын. Бүгін күн толы. Үлкен шаралар ұйымдастырылады. Қазір ат жарысы басталмақшы. Отбасымызбен барлық қызықтарды тамашалауға келіп тұрмыз.

Негізгі шара ат жарыс алаңында жалғасты. Шабандоздар Астана, Алматы, Жамбыл, Абай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарынан келді. Сәйгүліктер құнан бәйгесінде 8 шақырым, топ бәйгесінде 12 шақырым, ал аламан бәйгеде 20 шақырым қашықтыққа шапты.

Құнан бәйгесінде 8 шақырымды Жамбыл облысынан келген тұлпар Тастемір бірінші болып бағындырды. Бапкер, шабандоз Ерсұлтанмен бірге табандылық танытты.

Мұхит Сарқұлов, Жамбыл облысының тұрғыны

Павлодар қаласының туған күні екен. Құтты болсын. Осы шараға байланысты үлкен бәйге өтіп жатыр екен. Аллахтың қалауымен құнан бәйге 8 шақырымда Жамбыл облысынан ат алып келгенбіз. Өзім бапкермін. Шабандоз Ерсұлтан нартәуекел деп келдік. Бұйырды Алланың қалауымен.

Сонымен қатар, Абай облысынан келген Әділбек Әділкең бәйгенің өте қарқынды өткенін айтты.

Әділбек Әділкең, Абай облысының тұрғыны

Құнан жарысы, скорость өте қатты болды. Бұл жерге мықты мықты құнандар келді. Келесі жолы ұтады деген ойдамыз. Біз Павлодарда қала күніне өтіп жатқан ат жарысына Абай облысы Озерка ауылынан келіп отырмыз.

Жарыс қызу әрі тартысты өтті. Құнан бәйгенің жеңімпазы 800 мың, топ бәйгесінің бірінші орнына 1,5 миллион, ал аламан бәйгедегі жеңімпаз 2 миллион теңге иеленді. Осылайша ұлттық спорттың мәртебесі көтеріліп, қала күні ерекше атап өтілді.

Әйгерім Тоқпанқызы