Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында қазыналы 100 кітап таңдалды. Әрине кітап саны бұдан да көп, ол тізімге әр оқырман өзінің сүйікті кітабын да қоса алады. Шара ел бойынша жүріп жатқан «100 таңдаулы кітап» жобасы аясында өтті.

Павлодар облысында әр кітапхана өзінің таңдаулы 100 кітабын анықтап, оны оқырманға ұсынып отыр. Оның өзі кітап оқитын жандардың пікірімен санасып, ақылдасып, сауалнама арқылы анықталды. Ал, облыстық кітапхана өңірдің 13 ауданының ішінен іріктеп өзі 100 таңдаулы кітапты таңдады.

Шолпан Шахметова, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасының басшысы

Осы 100 кітап емес, одан да басқа кітаптарды енгізуге болады. Бұл енді оқырмандарға көмек ретінде, осы жерден көруге болады. Мына жерде сүйікті кітабыңызды көрмесеңіз мына жақтан көруге болады. Осы кітаптарды осы жерде тұрып, таңдауларыңызды жасасаңыздар жақсы болар еді. Қосымшасы болмаса да көмектесеміз.

Биыл елімізде ерекше жоба қолға алынып отыр. Ең үздік 100 кітап анықталады. Яғни төл әдебиетіміздегі 100 танымал кітапты іріктеп алуға арналған жалпыұлттық сауалнама жүргізіледі. Сауалнама 3 айға созылып, нәтижесі 10 тамыз – «Абай күні» қарсаңында жарияланады.

Асылбек Туғанбай, облыстық мәслихат депутаты

Меніңше барлық қазақстандық осы шараға белсенді қатысып, ұлт оқуы тиіс 100 кітапты оқуы тиіс деп ойлаймын. Біз осы сауалнамаға қатыстық. Облыстық қазақ тілі қоғамы да атсалысып жүрміз. Кітап оқу адамның байытатын бір ғана жол. Интернеттегі ақпараттар балаға пайдасы жоқ деп ойлаймын.

Кітап – білімнің бұлағы ғана емес, кітап өткен мен бүгінді, тарих пен тағылымды, адам мен адамды байланыстыра алатын дүние. Бүгін оның қадірін көптің түсінбей жүргені өкінішті. Бірақ біздің елде кітаптың құдіретін түсіндіріп, оны әлі қызықтыру мақсатында көптеген дүние жасалып жатыр.

Самал Қалиқызы