Ақсулықтар қос қуанышты қатар атап өтті. Бір жағынан – металлургия саласының майталмандары кәсіби мерекеде құрметке бөленсе, екінші жағынан – қала тұрғындары сүйікті шаһарының күнін атап өтті.
Мерекелік шара Ақсу қаласының мемлекеттің рәміздер алаңында өтті. Ақсу жас индустриялық кенттен өңірдің ірі өндірістік шаһарларының біріне айналып отыр. Бүгінде Ақсу ферроқорытпа зауытында шамамен 7 мың адам еңбек етеді. Шаһар тұрғындарын аймақ басшысы құттықтады.
Мереке аясында бірқатар ақсулық азаматтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттарға ие болды. Саланың дамуына сіңірген еңбегі мен мамандыққа деген адалдығы үшін «Қазхром» өндірісіндегі қара металлды бақылаушы Лариса Архиповаға «Еңбек Даңқы» ІІІ дәрежелі ордені табысталды. Ал ферроқорытпа балқытушы Қуаныш Сатыбалдинов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, өңір игілігі жолындағы табанды қызметі үшін бірнеше тұрғынға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары берілді.
Моноқала мәртебесіне қарамастан, қарқынды дамып келе жатқан өндірістік орталық. Бүгінде бұл шаһар келушілерді көркімен тәнті ететін келбетті қалаға айналды. Жыл өткен сайын жаңарып, жаңғыра түскен Ақсудың шырайлы келбетіне тұрғындар өз көздерімен куә болып отыр.
Айбарша Нұрахметқызы, Ақсу қаласының тұрғыны
Ұнайды, Ақсу қаласы өте әдемі, таза, халқы да жақсы адамдары да керемет қарым қатыснастары жақсы.
Асылхан Балтабай, Ақсу қаласының тұрғыны
Ақсу өте шағын қала бірақ халқы өте керемет, осындай мерекелерді жиі күтеді, жиі жақсы өткізуге тырысады.
Салтанатты шара қазақ эстрада әншілерінің концертімен жалғасты. Кештің хэдлайнерлері Ділназ Ахмадиева, Мирас Жүгінісов және аңыз ансамбль «Дос-Мұқасан» Ақсулықтар үшін арнайы өнер көрсетті.
Ренат Абдулкаюмов, тележүргізуші
Бүгін Ақсу қаласының тұрғындары мен металлург мамандығының иелеріне арналған ерекше мерекелік кеш өтіп жатыр. Мен үшін, сондай-ақ әріптестерім үшін бұл шараны жүргізу үлкен мәртебе. Бәрімізге мәлім, Ақсу металлургтер қаласы. Сондықтан бұл күн қала үшін айрықша маңызға ие, есте қалар сәттердің бірі болмақ.
Татьяна Турлай, актриса, блогер
Адамдары өте жылы, өте қонақжайлы, өте керемет адамдары. Мен қуаныштымын.
Айта кетейік, биыл Ақсу қаласына 64 жыл толды. Тарихы тереңге тартқан қала бүгінде жаңғыру мен дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр.
Байтұрсын Жұмабай