Павлодар қаласында қала күніне орай бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жұмыс іздеп жүрген өңір тұрғындары өздеріне қажетті еңбекпен қамтылуға мүмкіндік алды. Жалпы 700 вакансия ұсынылды. Толығырақ тілші сюжетінде.
Дәстүрлі түрде Орталық жағалаудың төменгі жағында Мансап орталығымен бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Павлодар облысының тұрғындары алдымен тіркеліп, кейін екі қолға бір күрек табуға кірісті.
Айбек Әйтенов, Павлодар қаласының тұрғыны
Павлодарда жәрмеңке болып жатыр. Халыққа көп жұмыстар бар. Жұмыс таптым. Қанша жұмыстар бар. Павлодар облысының халқына көмегі ғой. Мен разнорабочий.
Ержан Болат, Павлодар қаласының тұрғыны
Бүгін енді бос орындар жәрмеңкесіне келіп қалдық. Өзім ойлағандай жұмыс кезігеді деп ойлаймын. Ұсынып жатыр, бірақ көреміз.
Осы ретте, жұмыс берушілер қатарында ірі өндіріс орындары, зауыттар, білім беру, медициналық мекемелер мен сауда орталықтары болды. Жәрмеңкеде токарь, электр монтаждаушы, газдәнекерлеушілер, аспазшылар, жүргізуші мұғалім, күзетші мамандықтары ұсынылды.
Руслан Еңсебаев, Май ауданы білім беру бөлімінің басшысы
Май ауданының білім беру бөліміне қазіргі таңда 17 маман қажет. Математика, ағылшын тілі мұғалімдері, тарих және мектепке дейін тәрбие ісі жөніндегі мамандар қажет. Біз бұған дейін білім беру бөлімі Семейдің педагогикалық инситутына барып, директорлармен бірге жас мамандарды алып келдік. Олардың қатары көбейеді деген сенімдеміз.
Бос орындар жәрмеңкесі өмірдің түрлі жағдайында жұмыссыз қалып қойған азаматтарға, табыс табуға, әлеуметтік баспалдақпен көтерілуге, қоғаммен араласуға жаңа мүмкіндік. Бұл күні 200-ге жуық адам жұмыс іздеп келген.
Қазбек Жомартов, Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары
Бүгінгі күні осы жәрмеңкеге 700 вакансия жуық ұсынылып отыр. 40 тан астам жұмыс беруші және 200 ден астам жұмыссыз адамдар қатысып отыр.
Айта кетейік, бұл жәрмеңке қала күніне орайластырылды.
Самал Қалиқызы