Бүгінгі таңда халық арасында псориазбен сырқаттанғандар саны артып келеді. Мамандардың айтуынша, әлемде бұл дертпен 125 миллион адам, яғни әрбір жиырма бесінші тұрғын ауырады. Бір қарағанда тері мен тырнақты ғана зақымдайтын боп көрінгенмен, науқастың буындарына да едәуір зиян әкелуі мүмкін. Бұл дерттен қалай сақтау керек? Емделудің жол қандай?

Псориаз –созылмалы тері ауруы. Ол кез келген жас пен жыныстағы адамда кездесуі мүмкін. Қазақстанда бұл диагнозбен 6 000-ға жуық науқас тіркелген. Олардың 30 пайызында дерт орташа-ауыр және ауыр түрде өтеді.

Гүлнәр Байсекенова, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың тері-венерологиялық диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі:

   Павлодар облысында псориазбен есепте 300-ге жуық науқас тіркелген. Олардың ішінде 150-170 адам аурудың орташа-ауыр және ауыр формасына ие. Қазіргі кезде бұл дертті жұқтырған жастар саны артып келеді. 30 жыл бұрын псориазбен егде жастағы адамдар ауыратын болса, қазір дерт кішкентай балаларда да кездеседі. Бізде 2-3 жаста псориазбен тіркелген бүлдіршіндер де болды.

Псориаздың негізгі белгілері – теріде күміс түсті қабыршақтар мен күлгін-қызғылт дақтардың пайда болуы. Сондай-ақ теріге бөртпелер мен іріңдер шығуы мүмкін. Дертті тудыратын факторлар түрлі болады.

Гүлнәр Байсекенова, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың тері-венерологиялық диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі:

   Псориаз тудыратын факторлар көп. Олардың біріншісі – тұқымқуалаушылық. Яғни, отбасында псориазбен ауырған адам болса, балаларының да ауыру ықтималдығы жоғары болады. Екіншісі – аутоиммунды механизм. Дерт қатты күйзелістен кейін де жиі пайда болады. Мәселен, соңғы кезде мектеп жүктемелерінен кейін оқушыларда дерт кездеседі. Тері зақымдануы стрептококты инфекциядан соң да болуы мүмкін.

Псориаз дәрілермен емделеді. Бір дәрінің құны шамамен 1 100 000 теңгені құрайды. Бірақ Міндетті Әлеуметтік Медициналық Сақтандыру аясында науқастар тегін дәрілермен қамтамасыз етіледі. Өткен жылы 22 тұрғын, биыл жыл басынан бастап 30-дан аса тұрғын тегін дәрі алған.

Ардақ Сұлтанова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Осы дертпен 2018-2020 жылдар аралығында ауырдым. Орташа ауыр псориаз диагнозы қойылды. Денемнің 90 пайызға жуығы зақымдалған болатын 2018 жылы тері-венерологиялық диспансердәрігерлерінің көмегіне жүгіндім. Мені есепке алып, талдаулар жасады. Дәрілік терапия жүргізді. Ол шамамен 70 күндей өтеді. Ем алғаннан кейін жағдай нашарлай бастаған соң, дәрігерлік-консультативтік комиссия маған стелара препаратын тағайындады. Оны 2020 жылдан бері 3 айда бір рет алып тұрамын. Қазіргі жағдайым өте жақсы. Мен бұл дәріні міндетті әлеуметтік мединалық сақтандыру арқылы тегін аламын.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастарға амбулаторлық, стационарлық және күндізгі стационарлық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ облыстық аурухана базасында өңіріміздегі жалғыз Вальтман ультракүлгін кабинасы бар.

Жұлдыз Қабылденова