Жұмысшы мамандықтар жылы аясында — еңбек майталмандары назарда. Қоғамның тыныс-тіршілігіне үлес қосып жүрген мамандардың еңбегі – ел дамуының негізгі діңгегі екені даусыз. Әсіресе, темір жол саласындағы тәртіп пен дәлдікке сүйенген қызметтер ерекше жауапкершілік жүктейді. Осындай істің басы-қасында жүрген қарапайым еңбек иесі – станция кезекшісі Дархан Шәкіровпен әріптесіміз кездесіп қайтты.

Темір жол көлігі – қозғалыс дәлдігімен, қауіпсіздігімен ерекшеленетін күрделі жүйе. Оны басқарып, бағыттап отыратын қос арна болса, бірі – тепловоз тізгініндегі машинист, екіншісі – станцияда тұрып, бағыт-бағдарды нақтылайтын кезекші маман. Дархан Шәкіров – осы жауапты қызметті абыроймен атқарып келе жатқан тәжірибелі теміржолшы. Саладағы еңбек өтілі жиырма жылға жуық. Оның бір күні таңғы тексерістен басталады. Пойыздардың бағыты мен уақыты, жүктің түрі мен салмағы – бәрі-бәрі станция кезекшісінің жіті бақылауында. Радиобайланыс арқылы жүргізушілермен хабарласып, сигнал шамдарын реттеп, бағыт ауыстырғыштарды тексеру – Дархан Олжашұлының күнделікті қызметінің бір бөлігі ғана. Мұндай сәттерде әр секунд есепте.

Кейіпкеріміз теміржолдағы еңбек жолын қарапайым белгі беруші болып бастаған. Кейін пойыз құрастырушы қызметін атқарып, бүгінде станция кезекшісі ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Оның айтуынша, бұл сала – аса жоғары мұқияттылық пен тәртіпті талап етеді.

Дархан Шәкіров теміржолда ғана емес, өз отбасында да осы кәсіптің жалғасып жатқанын мақтан етеді. Қазір ол туған ағасымен бірге бір станцияда жұмыс істейді. Бұл сала олардың өмір салтына айналған.

Байтұрсын Жұмабай