Баянауылда Жасыбай көліне апарар жолда жеңіл көлік аударылып, бес адам жарақат алды. Олардың арасында бала бар.

 Әйел адам тізгіндеген Hyundai Tucson көлігі апатқа ұшырап, бес адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Апат кезінде көлікте ересектер мен бала болған.Жол апатынан зардап шеккендер Баянауыл аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, барлық зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек толық көлемде көрсетілді. Апат фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші жылдамдықты асырған. Құқық қорғау органдары жүргізушілерге серпантин және таулы жолдарда аса мұқият болуға шақырады.

Дильназ Қуанышбекқызы