Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу мен Май аудандарына барды. Алдымен өңір басшысы Ақсу шағын ауданында алапат дауылдың салдарынан кейін қалыпқа келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Ақсу шағын ауданында коммуналшылардың жұмысы бұл күні таңнан белсенді бола түсті. Құлағалы тұрған ағаштар кесіліп, аумақ тазаланды. Аймақ басшысы өткен жолғы қатты дауылдың салдары қайталанбау үшін ағаш кесумен шектелмеу керектігін айтты. Көпқабатты үйлердің үстінде жылдар бойы тұрған антенналардың иелерімен жергілікті полиция инспекторлары жұмыс жүргізу керек деді. Ал, өткен желден зардап шеккен екі қабатты үйдің тағдыры тұрғындардың өз қолында екен.
Ал, келесі кезекте әкім Ақсу ферроқорытпа зауытының РоК-2, яғни екінші аудандық жылу қазандығында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Мында қазандықтар, құбыр желілері, сорғы құрылғылары ауыстырылып жатыр. Бұған бюджеттен 3 млрд теңге бөлініпті. Аймақ басшысының жұмыс сапары Май ауданында жалғасты.
Самал Қалиқызы