Енді құқықтық тәртіпті қоғам қайраткерлері, студенттер мен курсанттар да бақыламақ. Ел бойынша алғаш рет "Қауіпсіз қала" жобасы басталды. Осы ретте полиция департаменті мамандарының қатысуымен шара өтті. Ерекше форматта өткен жиында түрлі әлеуметтік мәселе мен оларды шешу жолдары сөз етілді.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ел дамуына серпін беретін қоғамның маңызды бөлшегі. Қоғамдық өмірдің барлық саласында қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ететін бастамада ендігі жастар да бой көрсетпек. Аталған жоба көшелер және басқа да қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауды күшейтуге, вандализм, мүліктің бүлінуі және ұсақ бұзақылықтың жолын кесуге бағытталған.

Жасқайрат Қайыров, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

Жиынға жиналған мамандар мен жастар бірнеше топқа бөлінді. Бұл топтар саябақтарда, скверлерде құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс жасайтын болады. Психологтар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс жүргізеді. Ал агрессорлармен арнайы қабылдағыштарда кездесетін болады. Ювеналды полициямен бірлесіп кафелер, мейрамханалар және басқа да ойын - сауық орындары, клубтар, сондай-ақ компьютерлік клубтарда рейдтік іс-шаралар тұрақты негізді өткізілетін болады

 «Миға шабуыл» әдісімен өткен басқосуда мамандар мен жастар түрлі мәселені қамтыды. Алдағы уақытта оның аясында бірлескен түрлі шара жүргізілмек.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі де бүгінгі қоғамда өткір тұр. Аталған басқосуда бұл мәселенің алдын алу жолдары және шешу тетіктері сөз етілді.

Асан Құлахметов, психолог:

Біздің топ тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына тап болған адамдарға психологиялық, заң аясындағы және жалпы әртүрлі көмек беретін қоғамдық қорларды, мемлекеттік және жеке ұйымдарды құру идеясын ұсындық. Біз ұсынған жоба болашақта енгізіледі деген сенімдеміз

Ел ертеңі жалынды жастардың қолында. Қоғамда белең алған құқықбұзушылықтарға өңір жастары да бей-жай қараған жоқ.

Зарина Амирова, студент:

Егер адам психологиялық тұрғыдан қиын сәттерді бастан кешіріп жатса, онда адам есірткіні қолдана бастайды. Егер үнемі осы тақырыпты көтеріп, осы тақырып төңірегінде жоба, телешоулар болса, онда қазіргі таңдағы көрсеткіштер төмендейтіні сөзсіз

Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталмыш бастама облыс, тіпті ел деңгейінде алғашқылардың бірі. Алдағы уақытта өңір жастарымен де аймақтағы түйткілді мәселелерді шешу жолында белсенді әрі нәтижелі жұмыс жасалмақ.

Ақмаржан Қалымбек