Қызылорда – Павлодар – Успен – Ресей Федерациясы қалалары Республикалық маңызы бар автомобиль жолы бойында Павлодар облысында реконструкциядан өтпеген аумақ бар. Ол – ескі көпір. Қазір оның орнына жаңасын салу жұмыстары басталып кетті. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Ертіс өзені арқылы өтетін көпір 1962 жылы пайдалануға берілген. Ол облыс орталығын еліміздің өзге өңірлерімен қатар, Ресейдің Новосібір, Омбы, Барнаул қалаларымен байланыстырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол техникалық қадағалаудан өтіп, апаттық жағдайда деп танылды.

Жаңа көпір жобасы 2021 жылы дайын болған. Сол тұста оның екі нұсқасы қарастырылды: алғашқысы – ескі көпірді бұзып, оның орнына жаңасын салу. Екіншісі – жаңа көпірді ескінің жанынан ашу. Бұл ретте көпір арқылы қатынайтын жолаушылардың көптігі ескеріліп, екінші нұсқаға тоқтады. Сол арқылы жолаушылар легіне еш кедергі келмейді.

 ««ҚАЗАВТОЖОЛ» компаниясы мердігер компаниямен бірлесіп көпір құрылысына дайындық жұмыстарын бастады. «Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесімен» шартқа отырып, құрылыс алаңына айналатын аумақтағы ағаштарды кесуді бастады. Есесіне олардың орнына өтемақы ретінде жаңа көшеттер салуға міндеттеледі.

Бұл аймақта екі мыңнан аса түрлі ағаш өседі. Орман қорын қалпына келтіру үшін кесілген ағаштардың орнына екі еселенген мөлшерде көшеттер отырғызылады.

Қанат Бағжанов, орманшы:

Ағаш кесу жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда бірнеше ағаш түрі – терек, тал, бұталар өседі. Жұмыс мамыр айына дейін жалғасады. Неге ұзақ десек, ауа-райына байланысты жету қиын жерлер бар. Сондықтан Ертістің қатқанын күтеміз. Жалпы, мұндағы ағаштардың саны екі мыңнан асады.

Жаңа экстрадозды көпірдің жалпы аумағы 2 722 метр, ал көпір ұзындығы 690 м. болмақ. Сондай-ақ кептеліс болмау үшін төрт жолақ салынады.

Жұлдыз Қабылденова